Мазмұнға өту
2026 жылғы 15 қараша, жексенбі

Жаңаөзен әкімдігі «Saya» кешені бойынша прокуратураға жүгінді

Құрылыс салушы кешен астындағы төрт жер телімін біріктіруі керек, оның біреуін ол тек жалға алып отыр.

Эскиз жилого комплекса «Saya» в Жанаозене
Фото: korter.kz

Жаңаөзен әкімдігі Өркен шағынауданындағы «Saya» тұрғын үй кешені бойынша прокуратура мен экономикалық тергеп-тексеру департаментіне хат жолдады. Құрылыс салушы үйді 2023 жылы тапсырамын деп уәде еткен, бірақ кешен әлі күнге пайдалануға берілмеген. Құрылыс құжаттары мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасына (МСҚБ) тексеруге жіберілді.

Тұрғындар құрылысқа ақшаны 2021 жылдың соңында салған, құрылыс салушы – «Nur-Ali» ЖШС. Олардың айтуынша, үйде ең қажетті жүйелер жоқ: электрмен жабдықтауға арналған трансформаторлар орнатылмаған, жылу мен газ іске қосылмаған. Бір отбасы пәтердің толық құнын 2021 жылы-ақ төлеген, бірақ жылу болмағандықтан әлі жөндеу бастай алмай отыр.

Тұрғындар үй маңын да ретке келтіруді сұрайды: қоқыс пен құрылыс қалдықтарын шығару, кәріздің дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ету, тротуар салу, балалар алаңын орнату және көше жарығын қосу. Олар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайға және Жаңаөзен қаласының әкімі Сымбат Төретаевқа үндеу жолдады. Тұрғындардың үндеуі түсірілген бейнені Lada.kz порталы жариялады.

Жаңаөзен қаласының әкімі Сымбат Төретаевтың айтуынша, әкімдік бұл үй бойынша бірнеше көшпелі кеңес өткізген. «Әкімдік құрылысты аяқтауға белсенді көмектесіп отыр. Құрылыс салушыға бірнеше хаттамалық тапсырма беріліп, орындау мерзімі белгіленді, алайда ол тұрғындар алдындағы міндеттемесін орындауға асықпай отыр», – деді қала әкімі.

Жер мәселесі де әлі шешілмеген. Құрылыс салушы кешен астындағы жер телімдерін біріктіруі керек: оның үшеуі меншігінде, төртіншісі жалға алынған. Әкімнің сөзінше, бұл мәселеде де әкімдік көмектесіп жатыр.

Сымбат Төретаев Жаңаөзен қаласының әкімі болып 2026 жылғы 26 қыркүйекте тағайындалды, оған дейін Қарақия ауданын басқарған.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз