Қостанай облысының Қарабалық ауданында Алматы – Екатеринбург тасжолында КамАЗ 70 жастағы велосипедшіні қағып кетті. Ер адам оқиға орнында қаза тапты. Бұл туралы 15 қарашада Қостанай облысының полиция департаменті хабарлады, деп жазады NUR.KZ.
«Алдын ала мәліметтер бойынша, КамАЗ көлігінің жүргізушісі тәуліктің қараңғы уақытында бір бағытта келе жатқан 70 жастағы велосипедшіні қағып кеткен. Ер адам алған жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болды», — деді полицияда.
Жол апаты бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Апаттың нақты уақытын, қаза тапқан адамның есімін және жүк көлігі жүргізушісі туралы мәліметті полиция атаған жоқ.
Бұл демалыс күндері өңірдегі екінші ауыр жол апаты: бір күн бұрын Қостанай – Әулиекөл тасжолында көлік жолдан шығып кетіп, төрт адам ауруханаға түсті. Велосипедшінің қазасы әлемде Жол апаты құрбандарын еске алу күні аталып өтетін 15 қарашаға тұспа-тұс келді.



