Алаяқтар фотосурет бойынша шаш қиюды, шаш үлгісін, макияжды немесе жаңа бейнені таңдап беретін тегін ЖИ-сервистердің атын жамылып, зиянды бағдарламалар таратып жүр. Бұл жаңа схема туралы 14 қарашада Бас прокуратура ескертті. Оны ведомствоның Қылмыстық қатерлерді болжау орталығы анықтаған.
Схема қарапайым. Адамға уәде етілген «стилистке» қол жеткізу үшін жарнамадағы немесе хабарламадағы сілтемеге өтіп, қосымша жүктеп алу ұсынылады. Прокуратураның мәліметінше, шын мәнінде «мәлімделген ЖИ-сервистің орнына құрылғыға зиянды бағдарлама орнатылады». Ол алаяқтарға смартфонды қашықтан басқаруға жол ашады.
Осындай қолжетімділікке ие болған алаяқтар телефонның жекелеген функцияларын басқарып, жеке ақпарат пен құпия деректерді қарай алады. Банк қосымшалары мен өзге қаржы сервистері арқылы олар ақша ұрлайды.
Алданып қалмау үшін Бас прокуратура қосымшаларды тек ресми дүкендерден жүктеуге, күмәнді жарнамадағы, хабарламалардағы және бейтаныс сайттардағы жүктеу сілтемелеріне өтпеуге кеңес береді. Орнатар алдында қосымшаның атауын, әзірлеушісін, ресми сайтын, пікірлерді және жарияланған күнін тексеріп, бағдарламаның қандай рұқсат сұрайтынына мән берген жөн. Телефонның кіріктірілген қорғанысын өшіруді сұрайтын қосымшаларды орнатуға болмайды. Сондай-ақ бейтаныс сервистерге банк картасының деректерін, құпиясөздерді, SMS пен push-хабарламалардағы кодтарды енгізуге, белгісіз қосымшаларға банк сервистеріне, хабарламалар мен хабарландыруларға қолжетімділік беруге болмайды.
Бұл — прокуратураның күздегі алғашқы ескертуі емес: жуырда ведомство деректерді алдап алу үшін жіберілетін «Қазпоштаның» жалған хабарламалары туралы айтқан еді. Компанияны, сайтты немесе телефон нөмірін қалай тексеруге болатынын жеке материалда талдадық.



