Көкшетауда №10 қалалық автобустың жүргізушісін ұрған жолаушы ұсақ бұзақылық үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы 15 қарашада Ақмола облысының полиция департаменті хабарлады.
Полицияның мәліметінше, тексеру барысында жолаушылардың бірі жүргізушінің бетінен ұрғаны анықталған. Жүргізушінің өзі шара қолданбау туралы жазбаша өтініш берген. Бір күн бұрын, 14 қарашада, полиция оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған еді: ол кезде жүргізушінің жеке басы анықталып, төбелеске қатысқан басқа адамдар іздестіріліп жатқан.
Жүргізуші мен екі жолаушы арасындағы жанжал аялдамалардың бірінде болған. Сөзге келудің төбелеске ұласқанын көрсететін видеоны «Новости. Кокшетау. Казахстан» Instagram-парақшасы жариялады:
Видео әлеуметтік желіге тез тарады. Қала тұрғындарының бірі жолаушылардың әрекетіне наразылық білдірсе, енді бірі жүргізушінің іс-әрекетін талқылады. Жанжалдың себебін полиция атаған жоқ.
Полиция кез келген келіспеушілікті жұдырықпен емес, заң аясында шешу керегін еске салды.



