Ұлыбританияның ресейлік «СИБУР» мұнай-химия холдингіне салған санкциясы Атырау облысындағы екі ірі жобаның — KPI полипропилен зауыты мен салынып жатқан «Силлено» полиэтилен кешенінің қатысушыларын тәуекелдерді қайта бағалауға мәжбүр етеді. Бұл — салалық сарапшы, «Байдильдинов. Нефть» Telegram-арнасының авторы Олжас Байділдиновтің пікірі. «Қазір, әрине, осыған байланысты тәуекелдер қайта бағаланады», — деді ол LS басылымына берген сұхбатында.
Ұлыбритания «СИБУР Холдинг» ЖАҚ-ын 12 қарашада санкциялық тізімге енгізді: холдингтің активтері бұғатталды, оған сенімгерлік қызмет көрсетуге тыйым салынды, көлік шектеулері енгізілді. Ұлыбритания үкіметінің хабарламасында айтылғандай, Лондон бұл шешімін СИБУР-дың Ресей үкіметінен пайда көретінімен немесе оны қолдайтынымен түсіндірді, өйткені холдинг Ресей үшін стратегиялық маңызы бар энергетика саласында жұмыс істейді.
Жылына 500 мың тоннаға дейін полипропилен шығаратын KPI зауытының 40%-ы СИБУР-ға тиесілі. Тағы 49,5%-ы «ҚазМұнайГазда», 9,5%-ы «Самұрық-Қазына Өңдеуде», 1%-ы «Алмэкс Плюс» компаниясында. «Силленода» СИБУР-дың үлесі — 30%, ҚМГ-ның үлесі — 29,9%, оның еншілес компаниясы KMG PetroChem-нің үлесі — 10,1%, қытайлық Sinopec-тің үлесі — 30%. Кешен жылына 1,25 млн тонна полиэтилен шығаруы тиіс.
Байділдиновтің бағалауынша, KPI үшін басты тәуекел — полипропилен сатып алушылардың өнімді алудан қауіптенуі немесе жеңілдік сұрай бастауы. Алайда зауыт өнімінің негізгі бөлігін Қытайға сатады, сондықтан санкция өнімді өткізуге әсер ете қоймайды деп санайды ол.
Сарапшының пікірінше, «Силленодағы» жағдай күрделірек: қаржыландыру, технология және жабдық сатып алу қатерде тұр. Жобаны тек акционерлер мен қытайлық құрылымдар қаржыландырса да, технология лицензиарларымен және тек Еуропада жасалатын жабдықпен, мысалы, Siemens турбиналарымен байланысты мәселелер шешілмей қалады.
Байділдиновтің түсіндіруінше, британдық шектеулер американдық немесе еуропалық санкциялардай ауқымды емес, бірақ бұл әлі бастамасы ғана болуы мүмкін: әдетте алдымен жекелеген елдер санкция енгізеді, кейін толық бұғаттау басталады. Оның сөзінше, санкциялық тартыс Қазақстанға тікелей шектеулер арқылы да, жабдықтың, лицензиялар мен технологиялардың қымбаттауы арқылы да әсер етеді.
СИБУР-дың өзі Лондонның шешімін заңды да, негізді де деп танымады және оған шағымдану құқығын өзінде қалдыратынын мәлімдеді. Холдинг санкция компанияның тұрақтылығына әсер етеді деп күтпейді және энергетика саласында жұмыс істемейтінін атап өтті, деп хабарлады РИА Новости.
Бұған дейін СИБУР-дың өзі британдық санкцияларға ілікпеген. Шектеулердің осы пакетіне Ресейдің ең ірі мұнай компаниялары да енді — жаңа британдық санкциялар туралы airpress.kz бұрын жазған.



