Алматы облысы Іле ауданының Ащыбұлақ ауылдық округіндегі «Жомарт» саяжай алқабында су құбыры желілерін салу және қайта жаңарту жұмыстары аяқталды. Енді шамамен 6 мың тұрғын ауыз суды орталық желіден алады. Жұмыстарға 1,7 млрд теңге жұмсалды. Бұл туралы облыс әкімі Шыңғыс Әринов аудан тұрғындарымен кездесуде айтты, деп хабарлады оның баспасөз қызметі.
Ауданның ең өзекті мәселесі — үш ауысымда оқитын мектептер. Ақсай ауылындағы мектептің іргетасы 1958 жылы қаланған, балалар үшінші жыл қатарынан үш ауысымда оқып жүр, ал бастауыш сынып оқушылары Мәдениет үйінде сабақ оқиды. «Балаларымыз барлық талапқа сай жаңа заманауи мектепке қашан көшеді?» — деп сұрады кездесуде тұрғындардың бірі. «Өкінішке қарай, Іле ауданы үш ауысымды мектептер саны бойынша елде алдыңғы орындардың бірінде тұр. Бұл мәселені шешу үшін бар күшімізді саламыз. Ақсай ауылында жаңа мектеп құрылысын көктемге қарай бастауды жоспарлап отырмыз», — деп жауап берді әкім. Биыл Нұрғиса Тілендиев ауылында «Келешек мектептері» жобасы бойынша 900 орындық мектеп ашылды, ал Өтеген батыр кентінде, Байсерке және Жайнақ ауылдарында мектептерді жеке инвесторлардың қаражатына салу жоспарланып отыр.
Тұрғындардың тағы бір шағымы — Байсерке мен Өтеген батыр арасындағы теміржол өткеліндегі кептеліс. Бір тұрғын онда көпір салуды сұрады, әкімнің айтуынша, көпір құрылысы келесі жылы-ақ басталады. Сондай-ақ тұрғындар Қараой ауылында дәрігерлік амбулатория, Ащыбұлақ ауылдық округінде спорт кешенін салуды өтінді. Екі нысанның да жобалық-сметалық құжаттамасы дайын, қаржы бөлуге өтінім жіберілді.
Саяжай алқаптары — жеке тақырып, онда тұрақты тұратын адамдар көбейіп келеді. Көккайнар, Жапек батыр, Асқар Тоқпанов және Жайнақ ауылдарының бас жоспарлары бекітілді, олардың шекарасына 61 саяжай алқабы енді. Қалған 49 алқап ауылдар құрамына біртіндеп қосылады. «Жастар» саяжай алқабын Жайнақ ауылына қосу көзделіп отыр: жоба қазір мемлекеттік сараптамада, жыл соңына дейін оң қорытынды алынса, алқап келесі жылы ауыл құрамына енеді.
Өтеген батыр кентінде келесі жылдың басында 10 млрд теңгеге 125 орындық перзентхана салу жұмысы басталмақ, ал Боралдай кентінде жыл соңына дейін 280 орындық Мәдениет үйі ашылуы тиіс. Биыл ауданның 17 ауылындағы 78 шақырым жолды орташа жөндеуге 3,2 млрд теңге бөлініп, 107 көше жөнделді.
Облыстық бюджет кірісінің жартысына жуығы Іле ауданының үлесінде. Жыл басынан бері мұнда 210 млрд теңгенің 17 ірі және орта инвестициялық жобасы іске қосылып, 1 200-ден астам жұмыс орны ашылды.



