Жұма, 13 қарашада АҚШ-тың барлық әуежайынан ұшуды тоқтатуға ескі мыс байланыс желісін оптоталшыққа ауыстыру жұмыстары себеп болған. Бұл туралы сенбі күні АҚШ көлік министрі Шон Даффи мәлімдеді. Федералдық азаматтық авиация басқармасының (FAA) басшысы Брайан Бедфордтың айтуынша, жұма күні 12 мың рейстің күшін жоюға тура келген.
Даффидің сөзінше, жұма күні «өте шалғай нысанда» маршрутизаторды мыс желіден оптоталшыққа ауыстырған. «Мердігердің қатесінен бе, әлде жабдықтың ақауынан ба, ол әуе қозғалысын басқару жүйеміздегі басқа маршрутизаторларды сұраныспен толтыра бастады», — деді министр. Әр төрт-бес секунд сайын мыңға жуық қосылу әрекеті болған. Соның салдарынан радар деректері мен диспетчерлердің ұшақтармен байланысында іркіліс басталып, FAA әуе кеңістігін жапқан.
Жұмысты FAA-ның байланыс жүйесін жаңғырту жөніндегі бас мердігері — L3Harris қорғаныс және аэроғарыш компаниясы жүргізген. Даффи ведомство монтаждаушылар қателесті ме, әлде ақаулы маршрутизатор орнатылды ма, соны анықтап жатқанын айтып, кінәлілер жауапқа тартылатынын мәлімдеді. L3Harris компаниясы Al Jazeera-ға FAA-ға тергеуге көмектесіп жатқанын және тоқтаудың салдарына байыпты қарайтынын айтты. Билік кибершабуыл нұсқасын жоққа шығарды: Бедфордтың сөзінше, «ешқандай зиянды әрекеттің белгісі» жоқ, жасанды интеллектке де қатысы жоқ. Себептерді талдау қорытындысын жариялауға уәде етіп отыр.

Іркілістер сенбіде де жалғасты. Бедфорд жоспарланған 41 мың рейстің 4–5 мыңы жойылады деп күткен, бірақ кешке қарай FlightAware сервисінің дерегінше, 6,2 мыңнан астам рейс жойылды. FAA басшысы жолаушылардан кешірім сұрап, кестені жексенбінің соңына қарай толық қалпына келтіруге уәде берді: үзілген 12 мың рейстің экипаждары мен ұшақтары тиісті орнынан тыс қалған.
Даффи Конгресстен әуе қозғалысын басқару жүйесін жаңғыртуға 50 млрд доллар сұрады. Нью-Йорк губернаторы Кэти Хокул X әлеуметтік желісінде оның отставкаға кетуін талап етті, ал Иллинойс губернаторы Джей Би Прицкер Конгресті онсыз да республикашылар бақылап отырғанын еске салды. AFP мәліметінше, Трамптың өзі сенбі кешіне дейін ұшудың тоқтауына қатысты көпшілік алдында пікір білдірмеген.
Барлық әуежайдан ұшуға тыйым төрт сағаттан астам уақытқа созылып, 2001 жылғы 11 қыркүйек терактілерінен бергі ең ұзақ тоқтау болды. Airpress.kz жұма күні ұшудың тоқтауы туралы жазған еді.



