Йеменнің халықаралық деңгейде танылған үкіметі жағында соғысып жатқан күштер 15 қарашада, жексенбі күні, Таиз провинциясының батысындағы Баб-эль-Мандеб бұғазы мен Зубаб әуежайы маңынан кететінін мәлімдеді. Енді басты міндет — елдің уақытша астанасы Аденді қорғау. Reuters агенттігінің бағалауынша, бұл хуситтерден Қызыл теңізге кіре берістегі жағалауды қайтарып алуға бағытталған алты апталық шабуылдың іс жүзінде аяқталғанын білдіреді.
«Оңтүстік қарулы күштер өз бөлімшелерін Зубаб әуежайы мен Баб-эль-Мандеб ауданынан басқа жерге орналастыратынын хабарлайды», — делінген әскерилердің мәлімдемесінде. Йемен президенті әкімшілігінің кеңесшісі Джабер Мохаммед Asharq Al-Awsat басылымына бұл шегіну емес, күштерді қайта бөлу екенін айтты: ашық жағалауда позиция ұстау тым қауіпті болғандықтан, әскер бұғаздан 6–8 шақырым жердегі ас-Сукья ауданына орналасқан. Хуситтер де, үкіметтің басты одақтасы Сауд Арабиясы да бұл қадамға бірден пікір білдірмеді.
Осы кезде Аден төңірегіндегі жағдай күрделеніп барады. Reuters-тің әскери дереккөздеріне сүйенсек, Таиздің оңтүстігіндегі тауларда хуситтер Лахдж провинциясында, Аденнен шамамен 80 шақырым жерде тұр. Жексенбі күні хуситтер сол провинциядағы Хор-Умейра бекетіне зымыран соқты: AFP-тің соңғы деректері бойынша, сегіз адам қаза тапты. Елдегі үшінші ірі қала Таиз қазан айының басынан бері қоршауда, оған гуманитарлық көмек жеткізілмей отыр.
Сол күні хуситтер шілдеден бері тұтқында ұсталған үкімет күштерінің 600 жауынгерін босатты, деп хабарлады Халықаралық Қызыл Крест комитеті. Хуситтердің тұтқындар ісі жөніндегі комиссиясының төрағасы Абдулкадер әл-Муртада мұны бүкіл соғыс кезіндегі тұтқындарды біржақты босатудың ең ірісі деп атады.

Баб-эль-Мандеб арқылы Азиядан Еуропаға Суэц каналы арқылы жүк тасылады. Иран Ормуз бұғазы арқылы өтуді шектеп отырған тұста Араб түбегінен шығатын екі теңіз жолы да қысымға ұшырап отыр. Reuters жазғандай, хуситтердің қыркүйекте жағалауды басып алуы өңірден мұнай экспортын қысқартып үлгерді. Қазақстан мұнайы негізінен ҚҚК мен Новороссийск арқылы, Таяу Шығысқа соқпай экспортталады, бірақ оның бағасы әлемдік Brent маркасына байланған.
Йемендегі азамат соғысы 2014 жылдан бері жүріп келеді, ал 2015 жылы хуситтер Сананы басып алғаннан кейін үкімет Аденнен жұмыс істейді. 2022 жылдан бері майдан шебі іс жүзінде қозғалмаған еді, алайда жазда АҚШ пен Израильдің Иранмен соғысы аясында ұрыс қайта өршіді. Сауд Арабиясының қолдауымен 5 қазанда басталған үкімет күштерінің шабуылы Зубабты қайтарды, бірақ Моха қаласын ала алмады. Бұған жауап ретінде хуситтер Сауд Арабиясына соққыларын күшейтті — олардың зымыран сынықтары тіпті Мекке провинциясына құлады.



