Нұрлан Сабуровтың адвокаты Алена Миллер комик Ресейге кіруге салынған тыйымды алып тастауға уәде берген алаяқтарға ақша төледі деген хабарды жоққа шығарды. Оның айтуынша, Сабуров ешкімге ақша бермеген. «Ол соманың бір бөлігін берген-міс деген жарияланымдар шындыққа сәйкес келмейді», – деді Миллер ресейлік журналистерге. Адвокаттың сөзін Ulysmedia.kz келтірді.
Миллердің сөзінше, тергеуге қажет болса, комик Ресейге барып, бопсалау ісі бойынша жауап беруге дайын. Ал тыйымды ақшаға алып тастау туралы ұсыныстың шын болған-болмағанын сот анықтауы керек дейді ол.
Бұл оқиғаны 10 қарашада ресейлік Telegram-арналар жазған. SHOT арнасының хабарлауынша, Сабуровтың менеджеріне комиктің тегін Ресейге кіруге тыйым салынғандар тізілімінен 100 млн рубльге алып тастауды ұсынған. Ұлттық банк бағамы бойынша бұл шамамен 537 млн теңге. Mash деректеріне қарағанда, ақшаны бұрынғы күштік құрылым қызметкері мен оның делдалы әйел талап еткен. Қазан айының ортасында әртіс тарапы оларға соманың бір бөлігін берген-міс, содан кейін екеуі де ұсталған. Бопсалау бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Ол кезде комиктің өзі де, командасы да 100 млн рубль талап етілгені туралы пікір білдірмеген.
Сабуровқа 2026 жылдың басында Ресейге кіруге 50 жылға тыйым салынды, содан кейін оның ресейлік қалалардағы концерттері өтпей қалды. Ал қараша айының басында комиктің Sabr Production фирмасының мемлекеттік тізілімдегі мекенжайы дұрыс көрсетілмегендіктен, ол Ресейде 2029 жылға дейін бизнес аша алмайтыны белгілі болды.
Нұрлан Сабуров – орыстілді интернеттегі ең танымал стендап-комиктердің бірі, Екібастұздан шыққан. Көпшілік оны «Что было дальше?» шоуы мен жеке стендап-концерттері арқылы таниды.



