Мазмұнға өту
2026 жылғы 12 қараша, бейсенбі

Алматы облысында көмірдің тоннасы 24–27 мың теңге тұрады

Өңірдің қоймаларына әзірге қысқа қажет көмірдің 57 пайызы жеткізілді, қалғаны жылу беру маусымы аяқталғанға дейін кезең-кезеңімен тасылады.

Уголь на складе для продажи населению в Алматинской области

Алматы облысында тұрғындарға сатылатын көмірдің тоннасы 24 мыңнан 27 мың теңгеге дейін тұрады. Баға қойманың қай жерде орналасқанына және теміржол тұйығынан қаншалықты алыс екеніне байланысты, деп хабарлады облыс әкімдігі. Алдағы жылу беру маусымында өңір тұрғындарына барлығы 666 мың тонна қатты отын қажет.

Әзірге облысқа 379 мың тонна көмір жеткізілді, қалғаны маусым соңына дейін кезең-кезеңімен тасылады. Отын 35 пунктте сатылады, негізінен «Шұбаркөл», «Қаражыра» және «Ойқарағай» кен орындарының көмірі. Теміржол тұйығы жоқ елді мекендерге көмір автокөлікпен жеткізіледі, ал шалғайдағы Райымбек пен Кеген аудандары жергілікті «Ойқарағай» кен орнының отынымен қамтамасыз етіледі.

Алматы облысының энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Нұрлан Өмірхановтың айтуынша, жеткізу бекітілген кесте бойынша жүріп жатыр, қоймалар үнемі толықтырылады, ал басқарма көмір бағасын екі апта сайын бақылайды. Көмір тапшылығы, жеткізудің кешігуі немесе бағаның негізсіз өсуі туралы шағымдарды аудан және қала әкімдіктерімен, жеткізушілермен бірлесіп қарайды. Бағаны жасанды түрде көтеру немесе бәсекелестікті шектеу фактілері анықталса, материалдар Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментіне жіберіледі. Шағымда сатушыны, сату пунктінің мекенжайын, сатып алған күнді және отынның құнын көрсетіп, төлем чегін қоса тіркеу керек.

Бұған дейін Үкіметте ел бойынша өңірлер тұрғындар мен коммуналдық қызметтерге осы қысқа қажет көмірдің 62 пайызын ғана дайындағаны айтылған еді.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз