Қазақстан полициясы автокөліктерге қатысты алаяқтық жасады деп күдіктелген қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты. Топ мүшелері көліктерді екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары арқылы жалған тұлғалардың атына кепілге рәсімдеп, кейін қайта сату үшін шетелге шығарып отырған. Алдын ала мәлімет бойынша, осылайша елден 56 көлік әкетілген, деп хабарлады Ішкі істер министрлігі.
Жедел іс-шаралар еліміздің он өңірінде бір мезгілде жүргізілді. Полицияға 48 адам жеткізілді. Олардың ішінде топты ұйымдастырды деп күдіктелген алты адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ведомство мәліметінше, топтың қызметі тоқтатылып, жаңа алаяқтық әрекеттердің алды алынды.
Қазір тергеушілер істің барлық мән-жайын анықтап, шетелге шығарылған көліктерді іздеп жатыр. Тергеу ІІМ-нің бақылауында. Министрлік азаматтарды қырағы болуға және алаяқтардың айла-шарғысына алданбауға шақырды.



