Астана әкімдігі Есіл ауданында — әуежай маңында және Қабанбай батыр даңғылы аумағында 1019,7 гектар жерді мәжбүрлеп алу туралы шешім қабылдады. Бұл учаскелер екінші ұшу-қону жолағын салуға, сондай-ақ қазіргі жолақ пен Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының инфрақұрылымын қайта жаңартуға қажет. 6 қарашадағы № 510-3652 қаулыға елорда әкімі Жеңіс Қасымбек қол қойды.
Жер 2027 жылғы 1 ақпаннан 2028 жылғы 1 ақпанға дейін алынады, оның ішінде сатып алу жолымен. Алдымен иелеріне жазбаша хабарлама жіберіледі: тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы оларды қаулы жарияланғаннан кейін үш күн ішінде таратуға тиіс. Қаржыландыруға да осы басқарма жауап береді. Хабарламаны алған меншік иесі 15 күнтізбелік күн ішінде әкімдікке жүгініп, келісу рәсімдерін, яғни шарттар жөніндегі келіссөзді бастай алады.
Тізімде негізінен әуежайдың және оның маңында жұмыс істейтін компаниялардың учаскелері бар. «Эйр Астана» компаниясының авиациялық-техникалық орталығы тұрған 13,43 гектар жері, «Евро-Азия Эйр Интернейшнл» компаниясының ангарлары, ұшақ тұрағы және VIP-залы бар кедендік бақылау ғимараты орналасқан 4,05 гектары, SCAT компаниясының әуе кемелері тұрағы бар 0,87 гектары алынады. Тізімде сондай-ақ Prime Aviation, AST Hub және Qazaq Otan Group ангарлары, «Қазцинк», «Қазаэронавигация», «Беркут» мемлекеттік авиакомпаниясы, ҰҚК Шекара қызметі, әуежайдың өзі мен Maybalyk балық питомнигінің учаскелері бар.
Жер қалалық көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасына беріледі. Алдымен онда іздестіру және жобалау жұмыстары жүргізіледі. Жаңа жолақтың құрылыс мерзімі мен құны қаулыда көрсетілмеген.
Қазір елорда әуежайында бір ғана ұшу-қону жолағы бар. Қаулы «Вечерняя Астана» қалалық газетінде жарияланды.



