Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясы салынатын Алматы облысындағы Үлкен ауылын 33 мыңға дейін тұрғыны бар атомшылар қалашығына айналдыру жоспарланып отыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Түркиядағы «Аккую» АЭС-інде жұмыс істейтін қазақстандық мамандармен кездесуде айтты, деп хабарлады ведомство.
Агенттік басшысының айтуынша, бөлек жұмысшылар кенті салынбайды: жаңа шағын аудандар қазіргі Үлкен ауылына кіріктіріледі. Онда тұрғын үй, мектептер, медициналық нысандар, кадрларды даярлау және қайта даярлау орталықтары салынып, қонақүйлер, қызмет көрсету саласы мен бизнес дамиды. Құрылыс үшін тұрғызылған нысандар жұмыс аяқталған соң ауыл мен кәсіпкерлердің игілігіне беріледі. Үлкенді цифрлық шешімдері бар Балқаш жағалауындағы ең заманауи елді мекендердің біріне айналдыру көзделген, ал жағалаудың табиғаты демалыс пен туризмге мүмкіндік береді.
Бір АЭС құрылысының қызған шағында құрылысшы, дәнекерлеуші, монтаждаушы, электрик сияқты 15 мыңға дейін жұмысшы қажет болады. Станцияны пайдалануға атом инженерлері, реактор операторлары, қауіпсіздік және техникалық қызмет көрсету мамандары секілді шамамен 2 мың қызметкер керек. Оларды даярлап, біліктілігін арттыру үшін Үлкенде оқу-жаттығу орталығы ашылады. Кадрларды қазақстандық жоғары оқу орындары, сондай-ақ Қытай мен Ресейдің білім беру ұйымдары бірлесіп даярлайды. Сала қызметкерлері магистратура, докторантура және шетелдік тағылымдамаға квота бөлінетін «Болашақ» халықаралық стипендиясы арқылы да білім ала алады. Сәтқалиев мамандарды баспанамен қамтамасыз етуге уәде берді.
Үлкен маңында алғашқы АЭС салу шешімін қазақстандықтар 2024 жылғы қазанда өткен референдумда қолдады. Құрылысты ресейлік «Росатом» бастаған халықаралық консорциум жүргізеді. Бұл компания Түркияның Мерсин провинциясындағы «Аккую» АЭС-ін де салып жатыр.



