ChatGPT-ті әзірлеген OpenAI компаниясы 2026 жылдың үшінші тоқсанында алғаш рет 10 млрд доллардан астам табыс тапты. Бұл туралы Bloomberg дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады. Табыс алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда шамамен 50%-ға өскен. OpenAI қаржылық есебін жарияламайды және бұл деректерді ресми түрде растаған жоқ. Мұндай өсім жүздеген миллион адам пайдаланатын чат-боттар бизнесінің әлемдегі ең ірі технологиялық салалардың біріне тез айналып жатқанын көрсетеді.
Екінші тоқсанда OpenAI табысы 6,7 млрд доллар, бірінші тоқсанда 5,7 млрд доллар болған, яғни олардың арасындағы өсім 18%-дан аспаған. Жылдық есеппен компания қазір шамамен 50 млрд доллар табыс табады. TechCrunch мәліметінше, OpenAI өсімнің жеделдеуін жаңа баға саясатымен және жеңілдіктермен, күштірек модельдермен, сондай-ақ корпоративтік клиенттер мен ЖИ-агенттерге басымдық берумен байланыстырады. ЖИ-агенттер — пайдаланушының тапсырмасын өздігінен орындайтын бағдарламалар.
Алайда компания әлі пайдаға шыққан жоқ. Bloomberg дерегінше, OpenAI-дың түзетілген операциялық маржасы екінші тоқсандағы минус 150%-дан үшінші тоқсанда минус 109%-ға дейін жақсарған. Қарапайым тілмен айтқанда, шығыны әлі де табысынан көп: компания тапқан әр долларына шамамен екі доллар жұмсайды.
OpenAI-дың басты бәсекелесі — Claude-ты әзірлеген Anthropic компаниясы сол тоқсанда 17 млрд доллар табыс тауып, OpenAI-дан озып отыр. Қазан айының соңында Anthropic жылдық табысын 81 млрд доллар деп бағалаған. Бұл цифрларды тікелей салыстыру қиын: Anthropic бұлттық серіктестер арқылы жасалған сатылымды да есепке алады, ал OpenAI мұндай мәмілелердің бір бөлігінде тек өз үлесін ғана санайды. Anthropic биржаға шығуға дайындалып жатыр және IPO-ға акция бағасын белгіледі. Компания 1,4 трлн долларға дейінгі бағалауға үміттенеді.
OpenAI мәліметінше, ChatGPT-ті миллиардтан астам адам пайдаланады, бірақ TechCrunch атап өткендей, олардың басым бөлігі тегін немесе арзан нұсқасын қолданады. Сервис Қазақстанда ресми түрде жұмыс істейді, орыс және қазақ тілдерін түсінеді. Компания бұған дейін қазақ тілін ChatGPT-тегі ең жылдам өсіп келе жатқан тілдердің бірі деп атаған. 2025 жылғы қарашада OpenAI чат-бот қазақ тілін жақсырақ түсінуі үшін «Қазақ тілі» халықаралық қоғамымен келісім жасасқан.



