Claude чат-ботын әзірлейтін Anthropic компаниясы 10 қарашада роуд-шоуды, яғни биржаға шығар алдындағы инвесторлармен кездесулер сериясын бастады және акция бағасының ауқымын жариялады: бір акция 70–78 доллар тұрады. Компания барлығы 825 млн акция ұсынып, 57,75 млрд доллардан 64,4 млрд долларға дейін қаражат тартуы мүмкін. Бұл – тарихтағы ең ірі алғашқы жария орналастырулардың (IPO) бірі.
Бағалы қағаздардың басым бөлігін, яғни 801,4 млн акцияны Anthropic өзі шығарады. Тағы 23,6 млн акцияны қазіргі акционерлер сатады, бұл ақша компанияға түспейді. Ұйымдастырушы банктер, оның ішінде Goldman Sachs пен Morgan Stanley, 30 күн ішінде тағы 123,75 млн акцияға дейін сатып ала алады. TechCrunch хабарлауынша, Anthropic бұған қоса IPO бағасымен дауыс беру құқығы жоқ 26 млрд долларлық акцияны технологиялық серіктестеріне – AMD, Broadcom, Google, Micron, Microsoft, Nvidia және TSMC компанияларына сатады. Олардың ішінде Google мен Nvidia әрқайсысы 10 млрд доллар салады. Акциялар Nasdaq биржасында ANT тикерімен саудаланады, ал CNBC деректері бойынша, сауда 19 қараша шамасында басталады. Компания орналастырудың 20 пайызына дейінін жеке инвесторларға беруді көздеп отыр.
TechCrunch есебінше, баға ауқымының жоғарғы шегінде барлық опциондар мен өзге бағалы қағаздарды қосқанда Anthropic құны 1,404 трлн долларға дейін жетеді. The Decoder деректеріне сүйенсек, проспектіде көрсетілген акцияларды ғана есептегенде компания шамамен 1,02 трлн доллар тұрады. Мамырдағы жеке қаржыландыру раундында компания 965 млрд долларға бағаланған еді. Биылғы ең ірі IPO әзірге SpaceX компаниясында: ол маусымда 75 млрд доллар тартқан.
Проспектіге сәйкес, Anthropic үшінші тоқсанда 17 млрд доллар түсім тапқан. Бұл алдыңғы тоқсаннан 47 пайызға көп, ал тоғыз айдағы түсім 33,2 млрд долларды құрады. Осы кезеңдегі таза шығын 104 млрд долларға жетті. Қазан айының соңында ағымдағы сатылым бойынша есептелген жылдық түсім 81 млрд долларға өсті. Компанияның серіктестерден есептеу қуатын сатып алу жөніндегі міндеттемелері 900 млрд долларға жуықтайды, ал шотында шамамен 132 млрд доллар бар.
A класындағы қарапайым акцияларды сатып алушылар компания шешімдеріне іс жүзінде ықпал ете алмайды. Anthropic қоғамдық игілік корпорациясы ретінде тіркелген. Негізін қалаушылар дауыстың 50,1 пайызын беретін F класындағы акцияға иелік етеді, ал директорлар кеңесі мүшелерінің көпшілігін тәуелсіз Long-Term Benefit Trust сайлайды. Дарио және Даниэла Амодейді қоса алғанда, жеті негізін қалаушының әрқайсысы шамамен 3,4 млн акция сатады. Баға ауқымының орташа деңгейінде бұл шамамен 250 млн доллар болады.
Anthropic 26 қазанда АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссиясына IPO-ға құжат тапсырған. Компанияны 2021 жылы OpenAI-дан кеткен мамандар құрған, оның басты өнімі – Қазақстанда да жұмыс істейтін Claude ЖИ-ассистенті. Роуд-шоу басталарынан бір күн бұрын Anthropic Claude Fable 5.2 моделін шығарды.



