Мазмұнға өту
2026 жылғы 11 қараша, сәрсенбі

Nissan сатылым болжамын 3 млн көлікке дейін қысқартты

Есесіне жарты жылда компанияның операциялық пайдасы 80 млрд иенге жетті, ал бір жыл бұрын ол 27,7 млрд иен шығынмен шыққан.

Nissan: руководство компании на пресс-конференции по итогам полугодия
Фото: Nissan

Nissan 2027 жылғы наурызда аяқталатын ағымдағы қаржы жылына арналған әлемдік сатылым болжамын төмендетті: енді компания 3,15 млн емес, 2,97–3 млн көлік сатуды күтеді. Басты себеп — Қытай. Ол жақта сұраныс азайып барады, сатып алушылар күтілгеннен тезірек электрокөлік пен гибридке ауысып жатыр, ал жергілікті брендтермен бәсеке күшейе түсті. Бұл туралы Nissan 11 қарашада бірінші жартыжылдықтың қорытындысымен бірге хабарлады.

Есесіне қаржы көрсеткіштері бір жыл бұрынғыдан жақсы. Сәуір мен қыркүйек аралығында түсім 8,8%-ға өсіп, 6,07 трлн иенге жетті. Операциялық пайда 80 млрд иен болды, ал бір жыл бұрын компания 27,7 млрд иен шығынмен шыққан. Таза шығын 221,9 млрд иеннен 39,7 млрд иенге (шамамен 250 млн доллар) дейін қысқарды. Компания жылдық пайда болжамын өзгертпеді: операциялық пайда — 200 млрд иен, таза пайда — 20 млрд иен. Болжам орындалса, Nissan екі жыл қатарынан шығынға батқаннан кейін алғаш рет пайдамен шығады. Сыртқы факторлар да кедергі келтірді. Таяу Шығыстағы толқулар шикізатты қымбаттатып, жеткізілімнің бір бөлігін тоқтатты, ал Кумамотодағы жер сілкінісі компания зауытындағы өндірісті бірнеше күнге тоқтатып тастады.

Жарты жылда Nissan әлем бойынша 1,41 млн көлік сатты, бұл бір жыл бұрынғыдан 4,7%-ға аз. Ең қатты құлдырау Қытайда болды: 237 мың көлік, яғни 15%-ға кем. Еуропада сатылым 7,9%-ға азайып, 135 мыңға түсті. Есесіне АҚШ-та ол 5,5%-ға өсіп, 469 мыңға, ал Жапонияда 6,3%-ға артып, 197 мыңға жетті. Ал 2025 жылы брендтің Жапониядағы сатылымы 30 жылдағы ең төменгі деңгейге дейін құлаған еді. Компания АҚШ пен Жапония бойынша болжамын көтерді.

Қытайда Nissan бензин қозғалтқышты көліктер өндірісін және дилерлердегі қорды азайтып, N сериясының электр және гибрид модельдерін нарыққа тезірек шығарып, экспортты ұлғайтып жатыр. Екінші жартыжылдықта компания жаңа модельдерге сүйенеді: АҚШ үшін гибрид Rogue кроссоверін, Мексика үшін розеткадан зарядталатын Frontier Pro пикабын, Еуропа үшін Pixo және Juke электрокөліктерін шығарады. «Екінші жартыжылдықта біз Мексикадағы өсімді және Еуропадағы электрокөлік шабуылымыздан жаңа мүмкіндіктер күтеміз», — деді Nissan бас директоры Иван Эспиноса.

Nissan 2025 жылдан бері шығынды қысқартуға негізделген Re:Nissan дағдарысқа қарсы жоспарымен жұмыс істеп келеді. Жарты жылда компания тағы 110 млрд иен үнемдеді, ал бағдарлама басталғаннан бері барлығы 365 млрд иен үнемделді. Nissan жаңа бизнес-жоспарын 2027 жылғы ақпанда таныстырады.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз