Мазмұнға өту
2026 жылғы 11 қараша, сәрсенбі

Ормуз бұғазында танкер минаға соғылды: мұнай қайта қымбаттады

Тегеран санкциялар мен теңіз блокадасы алынбайынша бейбіт уақытта әлемдік мұнайдың бестен бірі өтетін бұғазды ашуға уәде бермей отыр.

Танкеры и грузовые суда в Ормузском проливе
Фото: AP

11 қарашада, сәрсенбі күні, Ормуз бұғазының шығыс бөлігінде мұнай танкері өртеніп кетті. Иран армиясының мәлімдеуінше, кеме «қауіпті әрі тыйым салынған аймаққа» кіріп, теңіз минасына соғылған. Әскерилер танкердің атауын, туын және экипаж туралы деректерді айтпады. Ұлыбританияның теңіз сауда операциялары орталығы (UKMTO) да танкерге қатысты оқиға туралы хабар алды, бірақ әзірге толық мәлімет жоқ.

Осы жағдайда мұнай бағасы құлдыраудан кейін қайта көтерілді. Reuters агенттігінің мәліметінше, Гринвич уақытымен сағат 07:30-ға қарай Brent 0,6%-ға қымбаттап, баррелі 92,01 долларға жетті, ал WTI 0,2%-ға өсіп, 86,20 доллар болды. Бір күн бұрын Вашингтон Иранға жаңа соққы берудің қажеті жоқ деп мәлімдегеннен кейін Brent бағасы қысқа уақытқа 90 доллардан төмен түскен еді. Өткен аптада мұнай 17%-ға арзандаған.

Шығанақтағы кемелерге шабуыл бірнеше күннен бері толастар емес. Сейсенбіде Ислам революциясы сақшыларының корпусы танкерлер «рұқсат етілмеген бағытта» минаға соғылып, өртенгенін хабарлады. UKMTO дерегінше, сол күні Оманның Лима ауылының солтүстік-шығысында танкерге белгісіз снаряд тиген. Үндістанның кеме қатынасы министрі Сарбананда Соновал Либерия туындағы Fujairah Energy супертанкері соққыға ұшырағанын, экипаждың төрт мүшесі жараланғанын айтты. ADNOC Logistics & Services компаниясы БАӘ суларында болған шабуылда өз кемелерінің бірі зақымданғанын растады.

Тегеран АҚШ Иранның жеті шартын орындамайынша бұғаз ашылмайды дейді. Бұл туралы Иранның қауіпсіздік жүйесі басшыларының бірі Мохсен Резаи мәлімдеді. Ол Катарда американдықтармен келіссөз жүріп жатыр деген хабарларды «таза өтірік» деп атады. Иран СІМ басшысы Аббас Аракчи талаптар орындалса, бұғазды екі күнде ашуға болатынын айтты. Шарттардың қатарында санкциялар мен теңіз блокадасын алып тастау, барлық майданда соғысты, соның ішінде Израильдің Ливанға соққыларын тоқтату бар.

Вашингтонда ілгерілеу бар дейді. Дональд Трамп 10 қарашада Катар премьер-министрімен кездескеннен кейін «оң серпін» байқалып отырғанын айтты, ал бұған дейін соғыс іс жүзінде бітті деген болатын. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Парижде өткен G7 министрлерінің кездесуінде: «Экономикалық науқан соншалықты күйретуші болғандықтан, қазір ауқымды ұрыс қимылдарының қажеті жоқ», – деді.

Бейбіт уақытта Ормуз бұғазы арқылы әлемдік мұнайдың шамамен бестен бірі өтеді. Таяу Шығыста соғыс басталған ақпанның соңынан бері Иран кемелерді тек өзімен келісілген бағыттар арқылы өткізіп отыр, ал АҚШ Иран порттарын теңізден қоршауда ұстап тұр. Қазақстан мұнайы әлемдік нарыққа негізінен Қара теңіз арқылы жеткізіледі, бірақ елдің экспорттық түсімі мен бюджет кірісі Brent бағасына тікелей байланысты.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз