Brent маркалы мұнай 9 қарашада, дүйсенбіде, сауда басталғанда 84 центке, яғни 0,85%-ға арзандап, баррелі 97,48 долларға түсті. WTI 32 центке төмендеп, 90,51 доллар болды. Reuters хабарлауынша, нарық Дональд Трамптың сөзіне осылай жауап берді: АҚШ президенті соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздер жүріп жатқанда Иранға жаңа соққы беру «мүлде екіталай» екенін айтты.
Трамп бұл туралы жексенбі күні CNN арнасына телефон арқылы берген сұхбатында мәлімдеді. «Бәрі олардың өте қатаң келісімге қол қоятын-қоймайтынына байланысты», – деді ол. Трамптың айтуынша, америкалық әскер дайын: өңірде үш авианосец тұр, ал Иранда электр станциялары мен көпірлерді қоса алғанда нысаналар анықталып қойған. Бірақ оларды қалпына келтіруге он жылдай уақыт кететіндіктен, бұл нысандарға соққы бергісі келмейтінін жеткізді. Бұған дейін Fox News арнасы Ақ үйде соққыларды 9 қарашада-ақ қайта бастау мәселесі талқыланғанын хабарлаған еді.
Иран СІМ басшысы Аббас Арагчи сол күні АҚШ шабуылды қайта бастаса, Тегеран америкалық нысандарға «тозақ отын жаудыратынын» ескертті. Ол X әлеуметтік желісінде Иранның ұсынысы күшінде екенін жазды: талаптарды, соның ішінде барлық майданда соғысты тоқтатуды орындаңыздар, сонда нәтижесін көресіздер. Арагчидің сөзінше, Катардың делдалдығымен жүріп жатқан келіссөздер АҚШ-тағы аралық сайлауға байланысты созылып кеткен. CNN хабарлауынша, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Иранның талаптарын шынайы емес деп санайды.
Ал Ирак өз мұнайын экспорттаудың жолын тапты. Ел СІМ басшысы Фуад Хусейн Al Jazeera арнасына берген сұхбатында Бағдат Вашингтонмен мұнайды Ормуз бұғазы арқылы Оман жағалауына жақын теңіз дәлізімен тасымалдауға уағдаласқанын айтты. Оның сөзінше, соғыс пен экспорттағы іркілістер Иракқа 60 млрд долларға түскен. Ирак энергетиктерінің деректеріне қарағанда, экспорт қыркүйектегі тәулігіне 2,65 млн баррельден қазанда 3,5 млн баррельге дейін өскен. Хусейннің айтуынша, АҚШ Қаржы министрлігі Ирактан Иранмен шекарадағы өткізу пункттерінің екеуінен басқасының бәрін жабуды сұраған.
Reuters келтірген LSEG деректері бойынша, өткен аптада Brent 17%-ға арзандады. Бұл – COVID-19 пандемиясы басталғаннан бергі ең күрт апталық құлдырау. Бұл көрсеткіштер Қазақстанға тікелей әсер етеді: мұнай – елдің негізгі экспорттық тауары, ал қазақстандық CPC Blend қоспасы Brent бағасына байланыстырылып сатылады.
Таяу Шығыстағы соғыс 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға соққы берген кезде басталды. АҚШ Иранды теңізден қоршауда ұстап отыр және құрлықтағы жолдарын жабу үшін арнайы топ құрды, ал Иран Ормуз бұғазындағы кемелердің тек өзі рұқсат еткен бағыттармен жүруін талап етеді. Жексенбі күні Иранның Әскери-теңіз күштері бұғаздың шығысында танкер минаға соғылып, өртенгенін хабарлады. Сол күні хуситтер Эр-Риядты атқылады.



