Мазмұнға өту

Украина дрондары Ресейдің қуаты жағынан екінші Кириши МӨЗ-ін атқылады

«Сургутнефтегаз» компаниясына тиесілі бұл зауыт Санкт-Петербургтен онша алыс емес жерде орналасқан және Ресейдің солтүстік-батысындағы жалғыз ірі мұнай өңдеу кешені саналады.

Последствия атаки дронов на Киришский НПЗ в Ленинградской области
Фото: ТСН

9 қарашаға қараған түні Украина дрондары Ресейдің Ленинград облысындағы Кириши мұнай өңдеу зауытына (КИНЕФ) шабуыл жасады. Бұл — Омбы зауытынан кейінгі елдегі қуаты жөнінен екінші МӨЗ. Кириши қаласы Санкт-Петербургтен онша алыс емес, Украина шекарасынан шамамен 800 шақырым жерде орналасқан. Зауыт аумағында қатты өрт шықты: жергілікті тұрғындар жарылыстар мен өнеркәсіп аймағының үстіндегі үлкен жалынды бейнеге түсірді.

Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденко жергілікті уақыт бойынша шамамен сағат 03:40-та дрондардың зауыт орналасқан Кириши өнеркәсіп аймағына «тию фактілері» болғанын мойындады. Оның айтуынша, оқиға орнына төтенше қызметтер аттанған, бірақ қандай шығын келгенін ол нақтыламады. Губернатордың мәліметінше, дрон сынықтары тұрғын үйдегі бір пәтерге түскен, отбасы эвакуацияланды, зардап шеккендер жоқ. Дрозденко түн ішінде облыс үстінде 100-ден астам ұшқышсыз аппарат атып түсірілгенін мәлімдеді. Санкт-Петербургтегі Пулково әуежайы рейстерді қабылдау мен жөнелтуді уақытша шектеді.

Украинаның мониторинг арналарының дерегінше, соққы ЭЛОУ-АВТ-2 қондырғысына тиген. Мұнай өңдеу осы қондырғыдан басталады: шикізатты тұздан, судан тазартып, фракцияларға бөледі. Бұл қондырғысыз зауыт бензин, дизель және авиаотын шығара алмайды. Украина Қарулы күштерінің Бас штабы, СБУ және Ұшқышсыз жүйелер күштері соққыны әзірге ресми растаған жоқ, зауыттың жұмысы тоқтағаны-тоқтамағаны да белгісіз.

КИНЕФ «Сургутнефтегаз» компаниясына тиесілі, жылына шамамен 20 млн тонна мұнай өңдейді — бұл Ресейдегі бүкіл мұнай өңдеудің шамамен 7%-ы. Зауыт Санкт-Петербургті, Ленинград, Новгород және Псков облыстарын, сондай-ақ Ресей әскерін жанармаймен қамтамасыз етеді. Әрбір мұндай соққы соғысқа қажет жанармайға да, Кремль соғысты жүргізіп отырған мұнай табысына да зиян келтіреді. 2025 жылы АҚШ, одан кейін ЕО мен Ұлыбритания «Сургутнефтегазға» және оның кәсіпорындарына, соның ішінде Кириши МӨЗ-іне санкция салды.

Украина дрондары КИНЕФ-ке бірінші рет шабуыл жасап отырған жоқ: алдыңғы соққы 2026 жылғы 30 тамызға қараған түні болып, сол кезде де өрт шыққан. Биыл күзде қорғаныс күштері Ресейдің мұнай өңдеу саласын жүйелі түрде атқылап келеді — қараша басында «Роснефтьтің» Рязань МӨЗ-і мен Краснодар маңындағы Афипский зауыты соққыға ұшырады.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз