Мазмұнға өту

Трамп: соғыстан кейін Украинаның пішіні «сәл басқаша» болады

АҚШ президенті бұл сөзді CBS арнасының 60 Minutes бағдарламасына берген сұхбатында Украина, АҚШ және Ресейдің Әбу-Дабидегі келіссөздеріне екі күн қалғанда айтты.

Дональд Трамп и Владимир Зеленский на переговорах в Нью-Йорке

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейдің Украинаға қарсы соғысы аяқталған соң Украина шекаралары өзгеруі мүмкін екенін меңзеді. «Менің ойымша, біз бұл істі бітіреміз, ол жүзеге асады, сөйтіп ақыр соңында Украинаның пішіні сәл басқаша болады», — деді ол CBS телеарнасының 60 Minutes бағдарламасына берген сұхбатында. Сұхбаттың мәтіні 8 қарашада жарияланды. Трамптың пікірінше, тараптар «келісімге өте жақын», ал соғыс тек оның арқасында ғана аяқталмақ.

Трамп бейбітшілікке басты кедергі ретінде «Зеленский мен Путиннің арасындағы өшпенділікті» атады. Екі көшбасшының қайсысына көбірек сенетіні туралы сұраққа АҚШ президенті тура жауап бермеді: «Айтпай-ақ қояйын, бірақ екеуімен де жақсы тіл табысамын». Ол Путин келіссөздерді созып, өзін пайдаланып отыр деген пікірді де жоққа шығарды. Украинаға арналған қару туралы Трамп оны Еуропаға беретінін айтты: «Толық бағасына сатамын, олар бізге ақшасын төлейді».

Трамптың бұл сөздері Украина, АҚШ және Ресейдің 10–11 қарашада БАӘ астанасы Әбу-Дабиде өтетін үшжақты келіссөздері қарсаңында айтылды. Келіссөзде Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф пен оның күйеу баласы Джаред Кушнер делдал болады. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио 8 қарашада журналистерге әр әңгімеде Украинаның қауіпсіздік кепілдіктері мәселесі көтерілетінін айтып, Әбу-Дабиге «Джаред пен Стив» келгенде «белгілі бір ілгерілеу» болады деп үміттенетінін жеткізді. Ресейдің делегациясын Владимир Мединский басқарады, оның құрамына алғаш рет РФ сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков енді. Кездесуге еуропалықтар да қатысады — бұл туралы Франция СІМ басшысы Жан-Ноэль Барро мәлімдеді.

«Басқаша пішін» дегенде Ресей соғыс жылдары басып алған жерлер меңзеліп отыр. Украина өзінің бірде-бір облысының оккупациясын мойындамайды: Қырым, Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон облыстарының бір бөлігі — Ресей әскері уақытша басып алған украин жерлері. Әзірге тараптар тек алғашқы ұсыныстарды талқылап жатыр, түпкілікті келісім жоқ.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз