Германия канцлері Фридрих Мерц 9 қарашада, дүйсенбіде, ХДО басшылығына Ильзе Айгнерді федералдық президент лауазымына кандидат ретінде ұсынады. Егер ол сайланса, Бавария ландтагының 61 жастағы төрағасы Германия тарихындағы тұңғыш әйел президент әрі ХДО-ның бавариялық бауырлас партиясы – ХСО-дан шыққан алғашқы президент болады. dpa агенттігінің хабарлауынша, Мерц бұл шешімін жексенбі күні кешке ХДО төралқасымен кешкі ас үстінде жариялаған.
ХДО төралқасы Берлин уақытымен сағат 9:00-де (Астана уақытымен 13:00-де), басқармасы 11:00-де жиналады. Шамамен сағат 13:00-де (Астана уақытымен 17:00-де) Мерц пен Айгнер Берлинде журналистер алдына бірге шығады. Одан кейін олар ХСО көшбасшысы Маркус Зёдермен бірге Мюнхенге, «Охель Якоб» синагогасындағы іс-шараға аттанады.
Президентті 2027 жылғы 30 қаңтарда Федералдық жиналыс сайлайды. Оның құрамына Бундестагтың 630 депутаты және федералдық жерлерден сонша делегат кіреді. dpa жазуынша, билеуші ХДО/ХСО мен ГСДП коалициясының онда 50-ге жуық дауыс басымдығы бар, сондықтан Айгнердің сайлануы іс жүзінде шешілген мәселе саналады.
Айгнердің кандидатурасын Зёдер сәуірде-ақ ұсынған, ал қазанда ХСО съезі оны ашық қолдады. Al Jazeera атап өткендей, Мерц басқа нұсқаларды қарастырып жүргенде ХДО жауап беруге асықпады, бұл екі партияның арасын суытты. ГСДП басшылығы Айгнерді қолдайтынын аңғартты, «жасылдар» да оған ілтипат танытып отыр. «Германия үшін балама» партиясы өз кандидатын ұсынбақ, ал «Солшылдар» әлі шешім қабылдаған жоқ.
Айгнер Бундестагқа алғаш рет 1998 жылы сайланған. 2008–2013 жылдары Ангела Меркель үкіметінде федералдық ауыл шаруашылығы министрі болды, кейін Бавария үкіметінде алдымен экономика министрі, содан соң құрылыс және көлік министрі қызметін атқарды. 2018 жылдан бері Бавария ландтагын басқарады. Мерцпен 1998 жылдан бері таныс.
Қазіргі президент Франк-Вальтер Штайнмайер бұл қызметте 2017 жылдан бері отыр. Оның екінші мерзімі 2027 жылғы 18 наурызда аяқталады, ал заң бойынша қатарынан үшінші рет сайлануға болмайды. Мұрагері қызметіне 19 наурызда кіріседі. Германияда президент негізінен өкілдік қызмет атқарады: заңдарға қол қояды, министрлерді тағайындайды, халықаралық аренада елдің атынан өкілдік етеді. Штайнмайер 2023 жылғы маусымда Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген. Германия Еуропалық одақтағы Қазақстанның басты серіктестерінің бірі болып қала береді.



