Украинаның шабуылдаушы дрондары 5 қарашаға қараған түні Ресейдегі ең ірі мұнай өңдеу зауыттарының бірі – Мәскеудің оңтүстік-шығысындағы Рязань қаласында орналасқан Рязань МӨЗ-іне шабуыл жасады. Шабуылдан кейін зауыт аумағында ауқымды өрт шықты. Бұл туралы «Украинская правда», «Зеркало недели», УНН және басқа да украин БАҚ-тары жергілікті тұрғындарға, әлеуметтік желідегі бейнежазбаларға және ашық деректерді зерттейтін OSINT сарапшыларына сілтеме жасап хабарлады. Украина Қарулы күштерінің Бас штабы, Украина қауіпсіздік қызметі немесе Ұшқышсыз жүйелер күштері әзірге ресми растаған жоқ.
Түнде Рязань облысының билігі дрон шабуылы қаупін жариялады. Кейін тұрғындар көптеген жарылыс естілгенін, әуе қорғанысы жұмыс істегенін және дрондардың дыбысын хабарлай бастады. УНН мәліметінше, зауытқа кемінде алты рет соққы тиген, ал бейнежазбада кәсіпорынның өнеркәсіптік аймағындағы жарылыстар көрінеді. OSINT сарапшылары бейнежазба бойынша нақ МӨЗ өртеніп жатқанын растады. «Украинская правда» келтірген әлеуметтік желідегі хабарламаларға қарағанда, Рязаньда Wildberries компаниясының логистикалық орталығы да өртенген болуы мүмкін. Зауыттағы зақымның ауқымы туралы әзірге дерек жоқ.

Рязань МӨЗ-і мемлекеттік «Роснефть» компаниясына тиесілі. Бұл – Омбы мен Кириши зауыттарынан кейінгі Ресейдегі қуаты жағынан үшінші мұнай өңдеу зауыты: ол жылына 17–18 млн тонна мұнай өңдей алады. Зауыт бензин, дизель отыны, авиакеросин, мазут және битум шығарып, Мәскеу мен Ресейдің орталық өңірлерін қамтамасыз етеді. Ресей әскері үшін оның маңызы зор: зауыт Ресей Қорғаныс министрлігіне отын жеткізеді. Мұнда әскери авиация қолданатын ТС-1 авиаотыны мен әскери техникаға арналған дизель өндіріледі.
Зауытқа бұған дейін де талай рет шабуыл жасалған. УНН-нің жазуынша, қыркүйекте Украина қорғаныс күштерінің соққысынан кейін кәсіпорын жұмысын толық тоқтатқан. Оған дейін дрондар зауытқа 2026 жылғы мамырда және 2024–2025 жылдары бірнеше рет соққы берген.
Мұнай өңдеу зауыттарына соққы Ресейдің әскери әлеуетін әлсіретеді: армия отынсыз қалады, ал Кремль соғысты қаржыландыратын мұнай өнімдерін сатудан түсетін табыстан айырылады. Украина Президенті Владимир Зеленский Ресей украин энергетикасына шабуылды күшейткендіктен Украина ресейлік МӨЗ-дерге соққы беруді қайта бастағанын мәлімдеген. 3 қарашаның өзінде Ресей украин электр стансаларына ондаған зымыран мен дрон ұшырып, ДТЭК компаниясының үш ЖЭС-ін қиратты. Украин БАҚ-тарының дерегінше, сол түні дрондар Ярославльдегі «Славнефть-ЯНОС» МӨЗ-іне шабуыл жасаған, ал бірнеше күн бұрын украин дрондары Нижний Новгород маңындағы Кстово қаласындағы «Лукойлдың» ірі МӨЗ-ін өртеп жіберген.



