Ресейдің шабуылдаушы дроны 4 қарашада кешке Украинаның солтүстік-шығысындағы, Ресей шекарасына жақын Сумы облысының Путивль аумақтық қауымдастығындағы тұрғын үйге соққы жасады. Үйде 69 жастағы әйел қаза тапты, оның күйеуі жараланды. Бұл туралы Сумы облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Олег Григоров хабарлады. Оның айтуынша, басқыншылар тұрғын үйді әдейі нысанаға алған.
Әйел оқиға орнында қаза тапты. Соққы кезінде оның күйеуі де үйде болған, ол қираған үйдің астында қалды. Сумы облысының Төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушылары ер адамды үйінділер астынан шығарып, дәрігерлерге тапсырды. Қазір оған медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Билік оның жасы мен жағдайы туралы әзірге хабарлаған жоқ. Соққының салдары туралы Путивль қауымдастығының басшысы Константин Гаврильчук та айтты. Облыстық әкімшілік пен құтқарушыларға сілтеме жасап, Суспильне Сумы мен басқа да украин БАҚ-тары толығырақ мәлімет жариялады. Олардың дерегінше, үй қиран болып, соққыдан кейін өрт шықты.
Бұл – бір күнде қауымдастыққа жасалған екінші соққы. Киев уақытымен шамамен 11:25-те (Астана уақытымен 14:25-те) ресейлік шабуыл дүкенге бара жатқан 57 жастағы тұрғын әйелді жаралады. Суспильне жергілікті билікке сілтеме жасап хабарлағандай, оның аяғы жараланған.
Путивль – Сумы облысының солтүстігінде, Ресей шекарасына жақын орналасқан қала. Ресей облыстың шекара маңындағы елді мекендерін дрондармен, артиллериямен және басқарылатын авиабомбалармен үнемі атқылайды. Ресей әскері үйлер мен көліктерге соққы беру үшін операторы тікелей нысанаға бағыттайтын дрондарды, сондай-ақ «Шахедтерді» жиі қолданып жүр. «Шахед» – Ресей өз аумағында шығаратын ирандық шабуылдаушы дрон.
Бұған дейін Сумы облысында ресей дрондары әйелді өлтіріп, сегіз адамды жаралаған еді. Ол соққы Шостка қаласындағы азаматтық кәсіпорынға тиген. Халықаралық құқық бойынша бейбіт тұрғындардың үйлеріне соққы беру – әскери қылмыс.



