Claude чат-ботын жасаған америкалық Anthropic компаниясы 26 қазанда АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссиясына (SEC) акцияларды алғашқы жария орналастыруға (IPO) өтінім бергенін хабарлады. Басқаша айтқанда, компания биржаға шығып, акцияларын кез келген инвесторға сатуға дайындалып жатыр. A класты акциялар Nasdaq биржасында ANT тикерімен саудаланбақ. Жарияланған проспект OpenAI-дың басты бәсекелестерінің бірі саналатын компанияның қаржысын алғаш рет егжей-тегжейлі ашып көрсетті.
Қанша акция сатылатыны және олардың бағасы құжатта әзірге көрсетілмеген. Орналастыруды Goldman Sachs пен Morgan Stanley банктері ұйымдастырады. The Wall Street Journal мәліметінше, сауда 16 қарашада басталатын аптада ашылуы мүмкін, ал компания 1,5–2 трлн доллар бағамен 100 млрд доллар не одан да көп қаржы тартуы ықтимал. Anthropic өзі нысаналы бағасын атаған жоқ.
Проспектіге сәйкес, 2026 жылдың алғашқы алты айында Anthropic түсімі 16,3 млрд доллар болды. Өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш шамамен 1,2 млрд доллар еді. Сонымен бірге таза шығын 80,7 млрд долларға жетті. Алайда оның басым бөлігі – қолма-қол ақшаға қатысы жоқ бухгалтерлік шығындар, ең алдымен айырбасталатын қарыздарды қайта бағалау. Компания тұрақты пайдаға шықпауы да мүмкін екенін инвесторларға ескертті. 30 маусымдағы жағдай бойынша Anthropic есебінде 112,4 млрд доллар қаражат болған, ал құрылғаннан бері компания барлығы 141,1 млрд доллар тартқан.
Жылына кемінде 100 мың доллар төлейтін ірі клиенттер саны бір жылда шамамен 950-ден 11 900-ден асты. Шамамен 250 клиент Anthropic қызметтеріне жылына 10 млн доллардан артық жұмсайды. Yahoo Finance басылымының дерегінше, түсімнің өсуі көбіне бағдарламашыларға арналған Claude Code құралы мен Claude Cowork корпоративтік қызметіне байланысты.
Anthropic қоғамдық пайда компаниясы мәртебесін сақтап қалады. Яғни жарғысы бойынша ол тек пайданы емес, қоғам мүддесін де ескеруге міндетті. Директорлар кеңесі мүшелерінің көпшілігін T класты арнайы акциялар арқылы тәуелсіз Ұзақмерзімді пайда қоры (Long-Term Benefit Trust) сайлайды. Сондықтан қарапайым акцияларды сатып алғандар компанияның шешімдеріне ықпал ете алмайды. Негізін қалаушылар өз үлестерінің 80 пайызын қайырымдылыққа беруге уәде етті, ал компания Claude-та жарнама орналастырмауға міндеттеме алды.
Тәуекелдер бөлімінде Anthropic озық жасанды интеллект дамуының апатты салдары болуы мүмкін екенін, АҚШ Федералдық сауда комиссиясының тергеуін және авторлық құқық жөніндегі іс бойынша 1,5 млрд долларлық бітімгершілік келісімді атап өткен. Компанияға қарсы талап арыздар әлі де түсіп жатыр: жақында Элвис Преслидің құқық иелері сотқа жүгінді.
Anthropic компаниясын 2021 жылы Дарио Амодей бастаған OpenAI-дың бұрынғы қызметкерлері құрған. Оның ең ірі серіктестері – Amazon мен Google. Проспектіге қарағанда, компания Amazon-нан кемінде 110 млрд долларға, Google-дан шамамен 114,5 млрд долларға есептеу қуатын сатып алуға міндеттеме алған.



