Ресей әскері 26 қазанда күндіз Украинаның шығысындағы Днепропетровск облысына қарасты Павлоград қаласына шабуылдаушы дронмен соққы берді. Қала облыс орталығы Днепрден шығысқа қарай шамамен 70 шақырым жерде орналасқан. Бір адам қаза тауып, тағы жеті адам жараланды. Олардың арасында 10 жасар екі қыз бар, екеуінің де жағдайы ауыр. Бұл туралы Днепропетровск облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Александр Ганжа мен Украина ТЖМҚ хабарлады.
Алғашқы мәліметті Ганжа Киев уақытымен сағат 15:00 шамасында (Астана уақытымен 18:00-де) жариялады. Оның айтуынша, жау дроны қалаға соққы берген, бір адам қаза тапқан, кемінде үш адам жараланған. Жараланғандардың бәрі ауруханада, олардың арасында 10 жасар екі қыз бар. Бір сағаттан кейін зардап шеккендер саны көбейді. Ганжаның Киев уақытымен сағат 16:05-тегі (Астана уақытымен 19:05-тегі) дерегінше, жеті адам жараланған, оның бесеуі ауруханаға жатқызылды. Екі қыз бен 37 жастағы әйелдің жағдайы ауыр. Облыс басшысының сөзінше, дәрігерлер жараланғандардың қасынан шықпай, қажетті көмектің бәрін көрсетіп жатыр. Ол хабарламаларын #russiaisaterroriststate («Ресей — террорист мемлекет») хэштегімен аяқтады.
Қаза тапқан адамның аты-жөнін, жасын және жынысын билік әзірге атаған жоқ.
Дрон тұрғын үй ауданына құлады. Украина ТЖМҚ-ның нақтылауынша, жеңіл көлік өртеніп, бірнеше көпқабатты тұрғын үй, дүкен және маңайда тұрған басқа көліктер зақымдалды. Құтқарушылар өртті тез сөндірді.

Украина ТЖМҚ Павлоградтағы соққы орнынан және құтқарушылардың жұмысынан түсірілген суреттерді жариялады:
Көшелер мен аулаларда адамдар мен балалар жүрген түс мезгілінде тұрғын үйлерге соққы беру — Ресейдің Украинаның бейбіт тұрғындарына қарсы кезекті лаңкестік шабуылы әрі әскери қылмыс. Бұл жолы соққы көпқабатты үйлерге, дүкенге және екі кішкентай қызға тиді.
Павлоград — Ресей әскерінің тұрақты нысанасына айналған қалалардың бірі. Қыркүйектің басында Ресейдің қала орталығындағы сауда орталығына берген соққысынан бес адам қаза тауып, 60-тан астам адам жараланған еді. Олардың арасында 13, 14 және 15 жастағы жасөспірімдер мен екі құтқарушы болды. Ол кезде Павлоградта аза тұту күні жарияланды. Сол кезде Украина Ішкі істер министрлігі жыл басынан бері Днепропетровск облысына Ресейдің 18 мыңнан астам соққы бергенін хабарлаған.
Облыс соңғы күндері де Ресей лаңкестігінен зардап шегіп отыр. 25 қазанға қараған түні Ресей дроны Синельниково қаласындағы көпқабатты үйге тиіп, төрт адам қаза тапты, жараланған 13 адамның арасында 11 жасар қыз болды. Сол түні тағы бір дрон көмір өндіретін кәсіпорында жұмыс істеген ДТЭК жүргізушісі Виталий Щербинаның өміріне қиды.
Павлоградқа соққы Кремль Украина, АҚШ және Ресей арасындағы үш жақты келіссөздердің қайта басталуы соғыс қимылдарына ешқандай шектеу қоймайтынын мәлімдеген күні берілді. Ал 26 қазанға қараған түні Ресей Украинаға 140 дрон мен 4 зымыран ұшырды.



