25 қазан күні таңертең Стамбулдың Шишли ауданында 26 жастағы Қазақстан азаматшасы қаза тапты. Алдын ала деректер бойынша, ол тұрғын үйдің балконынан көршілес ғимараттың шатырына өтпек болғанда биіктен құлап кеткен. Қазақстандық әйелдің қаза тапқанын ҚР Сыртқы істер министрлігі растады.
Түркияның DHA агенттігінің хабарлауынша, әйел алтыншы қабаттағы балконға шығып, екі үйдің арасындағы күнқағарға аяқ басқан. Күнқағар оның салмағын көтере алмай, ол жерасты екінші қабатының деңгейіне дейін құлаған. Оқиға орнына жеткен медиктер оның қаза тапқанын растады.
СІМ ресми өкілі Жанболат Үсенов қазақстандық дипломаттар марқұмның туыстарымен байланыста екенін және оларға консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатқанын айтты. Оқиғаны Түркияның құзырлы органдары тергеуде, мән-жайы анықталып жатыр. Министрлік жағдайды бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді.
Әйел Түркияға қыркүйекте туристік визамен барған.
Биыл шетелде Қазақстан азаматтарының қаза табуы бұған дейін де тіркелген. Қыркүйекте СІМ Сеулдағы құрылыс алаңында қазақстандық ер адамның қаза болғанын растаса, жазда Белградта қазақстандық әйелдің қайтыс болғаны белгілі болды.



