Facebook, Instagram және WhatsApp иесі Meta компаниясы 26 қазанда жасанды интеллектке арналған деректер орталықтарын салу мен есептеу қуатын сатып алуға қаржы табу үшін өз акцияларын сататынын жариялады. Компания барлығы 95 млрд долларға дейін тартуды көздеп отыр. Semafor атап өткендей, Meta жаңа акцияларды 2013 жылдан бері алғаш рет шығарып отыр.
Мәміле екі кезеңнен тұрады. Қазір Meta жалпы құны 35 млрд доллар болатын екі қатар орналастыруды бастады. Оларды Morgan Stanley мен Goldman Sachs банктері ұйымдастырады:
- шамамен 22,5 млрд долларлық A класты қарапайым акциялар – есеп айырысу 2027 жылғы 19 қарашаға дейін жүретін кейінге қалдырылған сату шарттары бойынша;
- жаңа артықшылықты акцияларға байланған шамамен 12,5 млрд долларлық депозитарлық акциялар – олар 2029 жылғы тамызда өздігінен қарапайым акцияларға айналады.
Қалған шамамен 60 млрд долларды компания биржада C класты жаңа акцияларды біртіндеп сату арқылы алмақ. Бұл акциялар дауыс беру құқығын бермейді және 2027 жылдың бірінші тоқсанынан ерте саудаланбайды деп күтілуде. The Information басылымының жазуынша, мұндай тәсіл компанияның негізін қалаушы Марк Цукербергтің бақылауын әлсіретпей қаржы тартуға мүмкіндік береді. Басылым мәліметінше, чип өндірушілер Nvidia, AMD және Broadcom Meta акцияларын жалпы сомасы 5 млрд долларға дейін сатып алуға қызығушылық танытқан, бірақ әзірге нақты міндеттеме жоқ.
Бұл қаражат Meta-ға OpenAI, Google және Anthropic компанияларымен ЖИ саласындағы бәсекеде керек. Компания 2026 жылғы күрделі шығындары 135–145 млрд доллар болады деп күтеді. Бір апта бұрын ол болжамның төменгі шегін 130 млрд доллардан көтерген еді. Үшінші тоқсанда Meta түсімі 26 пайызға өсіп, 64,6 млрд долларға жетті. Алайда еркін ақша ағыны 2,12 млрд долларға минусқа кетті: компания бір тоқсанда құрылыс пен жабдыққа 35 млрд долларға жуық қаражат жұмсаған. Қыркүйек соңында Meta-ның 82,45 млрд доллар ақшасы мен бағалы қағаздары болды, ал ұзақмерзімді қарызы 80,92 млрд долларды құрады.
Технологиялық компаниялар ЖИ-ге сырттан қаржы іздеуді жиілетіп барады: жақында SpaceX чип сатып алуға 40 млрд доллар қарыз тартты. Meta Llama атты өз тілдік модельдерін және әлеуметтік желілері мен мессенджерлеріне енгізілген Meta AI көмекшісін дамытып келеді. Өткен жылдың жазында компания суперинтеллект деп аталатын, яғни көп міндетте адамнан асып түсетін ЖИ жасауға бағытталған бөлім құрды.



