Қырғызстанда қоғам қайраткері, жазушы Шыңғыс Айтматовтың қарындасы Роза Айтматова дүниеден өтті. Бұл туралы 26 қазанда отбасы Instagram-дағы ресми парақшасында хабарлады. Ол 89 жаста еді.
Роза Төрекұлқызы — 1930 жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған мемлекет және партия қайраткері Төрекұл Айтматовтың қызы. Ол Маяковский атындағы Қырғыз әйелдер педагогикалық институтын бітіріп, Қырғыз КСР Ғылым академиясында ғылыми қызметкер болып істеген, кейін жоғары оқу орнында сабақ берген. Физика-математика ғылымдарының кандидаты, физика мен педагогика бойынша ғылыми еңбектердің авторы, Қырғызстанның білім беру ісінің еңбек сіңірген қызметкері.
Ол ғұмырының едәуір бөлігін әйелдер құқығын қорғауға арнады: 1996 жылы пікірлестерімен бірге «Әйелдерге көмек орталығы» қоғамдық бірлестігін құрды. Мәдениет пен білім беру саласына қосқан үлесі үшін Шыңғыс Айтматов атындағы сыйлыққа ие болды. Жиені Асан Ахматовпен бірге әкесі мен Шыңғыс Айтматовтың балалық шағы туралы «Тарихтың ақ беттері» кітабын жазды.
2026 жылғы қаңтарда Роза Айтматова Қырғызстан билігіне жүгініп, 2028 жылы аталып өтетін ағасының 100 жылдық мерейтойына салтанатты шаралар өткізбеуді, ол қаражатты қарапайым адамдарға көмекке жұмсауды сұраған. «Боранды бекет», «Жан пида» романдары мен «Жәмила» повесінің авторы Шыңғыс Айтматов 2008 жылы қайтыс болған.



