Мазмұнға өту

Элвис Преслидің құқық иелері Anthropic компаниясын сотқа берді

Талапкерлер 274 әннің әрқайсысы үшін 150 мың доллардан, барлығы 41 млн доллардан астам өтемақы талап етіп отыр.

Элвис Пресли — правообладатели его песен подали иск к Anthropic

Элвис Пресли музыкасына құқық иеленетін компаниялар Claude чат-ботын әзірлеген америкалық Anthropic компаниясына қарсы талап арыз берді. Талапкерлердің айтуынша, Anthropic Преслидің 274 әнін рұқсатсыз әрі ақы төлемей жасанды интеллект модельдерін оқытуға пайдаланған. The New York Times хабарлауынша, талап арыз 23 қазанда Калифорния штатының сотына түскен.

Талапкерлер қатарында Преслидің зияткерлік меншігінің басым бөлігін басқаратын Authentic Brands Group лицензиялық компаниясы, Raleigh Music Publishing баспасы, бірнеше қор және кемінде бір жеке құқық иесі бар. Олар заңда көзделген ең жоғары өтемақыны — әр ән үшін 150 мың доллар, жалпы 41 млн доллардан астам соманы талап етіп отыр. Тізімде «Can’t Help Falling in Love», «All Shook Up», «Don’t Be Cruel», «A Little Less Conversation» және «Return to Sender» әндері бар.

Талапкерлердің пікірінше, Claude орнатылған шектеулерге қарамастан қорғалған әндердің мәтінін қайталай береді, ал әнді «қазіргі аудиторияға лайықтап» қайта жазуды сұрағанда түпнұсқаға өте ұқсас нұсқа ұсынады. Anthropic компаниясын сондай-ақ техникалық қорғау құралдарын айналып өтті, авторлық құқық туралы ақпаратты өшірді немесе өзгертті деп айыптап отыр. Құқық иелерінің мүддесін адвокат Ричард Буш қорғайды. Ол бұған дейін Марвин Гэйдің мұрагерлері атынан «Blurred Lines» хитінің авторларына қарсы істі жеңіп алған.

The New York Times мәліметінше, Anthropic талаптармен келіспейтінін және өз ұстанымын сотта қорғайтынын мәлімдеді. Компания бұған дейін модельдерді қорғалған материалдармен оқыту америкалық құқықтағы адал пайдалану (fair use) қағидатына сай келеді деп дәлелдеп келген.

Бұл Anthropic компаниясына қарсы музыкаға қатысты алғашқы талап емес. 2023 жылғы қазанда ән мәтіндеріне байланысты компанияны Universal Music Publishing Group, Concord және ABKCO сотқа берген, ал 2026 жылғы тамызда Sony Music Publishing пен Warner Chappell сотқа жүгінген. Преслидің құқық иелерінің ісін белгілі бір әртістің мұрасын иеленушілер ЖИ әзірлеушісіне қарсы қозғаған алғашқы ірі талаптардың бірі деп атап жүр. Жақында Anthropic тағы бір оқиғаға байланысты назарға ілікті: Claude сұраусыз Джорджиядағы сайлаудың ақылы деректерін алған.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз