Біріккен Араб Әмірліктерінің жағалауындағы мұнай дағы ұлғая түсті. Еуропалық Copernicus жерсеріктері 24 қазанда түсірген суреттерде ластанудың жағалауды бойлай созылып, елдің солтүстігіндегі Умм-әл-Кайвайн әмірлігіне жақындағаны көрінеді. Мұнай ағуына байланысты жағажайлар қазір үш әмірлікте — Умм-әл-Кайвайнда, Шарджада және Рас-әл-Хаймада жабық.
Рас-әл-Хайма 24 қазанда барлық жағажайын «келесі хабарламаға дейін» жапты. Бұл туралы әмірліктің қоғамдық қызметтер басқармасы хабарлады. Оған дейін Умм-әл-Кайвайн техникалық бағалау аяқталғанша барлық жағажай мен жағалау аймағын уақытша жапқан, ал Шарджа билігі Әл-Хамрия жағажайына кіруді шектеді. Балықшылар мен теңізге шығатындарға ластанған учаскелерді айналып өту ұсынылды.
БАӘ Климаттың өзгеруі және қоршаған орта министрлігінің хабарлауынша, мұнайдың ағып жатқанын ведомствоның мониторинг жүйесі анықтаған. Мамандар ластанған учаскелерді оқшаулап, қоршап, тазартып жатыр, бір мезгілде экологиялық бағалау жүргізілуде. Соңғы күндері Шарджа, Аджман және Умм-әл-Кайвайн тұрғындары шағымданған жанармайдың өткір иісі ведомство мәліметінше денсаулыққа қауіп төндірмейді. Умм-әл-Кайвайн муниципалитеті дақтың таралуын тоқтатып, теңіз бен жағалауға келетін зиянды азайту үшін далалық жұмыс жүргізіп жатыр.
Мұнайдың қайдан ағып жатқаны мен оның себебі ресми түрде аталған жоқ. Orbital Risk Intelligence компаниясының басшысы Мартин Келли Reuters агенттігіне берген түсініктемесінде ағуды Gem No.2 танкерімен байланыстырды. Кеме қатынасы дереккөздерінің мәліметінше, 9 қазанда БАӘ жағалауында бұл кемеге белгісіз снаряд тиіп, бортында өрт шыққан, кейін ол сөндірілген. Еуропа ғарыш агенттігінің радарлық суреттерінде мұнайдың Умм-әл-Кайвайн жағалауынан шамамен 25 км жердегі танкерден ағып жатқаны көрінеді. БАӘ билігі бұл нұсқаға түсініктеме берген жоқ.
Нью-Йорк университетінің Әбу-Дабидегі су зерттеулері орталығының директоры Нидал Хилал мұнай ағуын күрделі экологиялық мәселе деп атады. Оның пікірінше, дақтың ауқымы мен бағыты анықталғанша жағажайларды жабу — орынды сақтық шарасы. Greenpeace MENA өкілдері Парсы шығанағы жартылай тұйық болғандықтан ашық мұхитпен су алмасуы баяу жүретінін, сондықтан ластанудың ұзаққа созылуы мүмкін екенін ескертті. Халықаралық табиғатты қорғау одағының деректері бойынша, шығанақ суында балықтың 500-ден астам түрі, сондай-ақ дельфиндер мен теңіз тасбақалары мекендейді.
Мұнай ағуы АҚШ пен Израильдің Иранмен соғысы басталғаннан бері Парсы шығанағында сауда кемелеріне шабуыл жиілеген тұста болды. Вашингтон Таяу Шығыс саясаты институтының мәліметінше, қазан Ормуз бұғазы мен оған іргелес сулардағы кемелерге жасалған шабуыл саны бойынша ең ауыр ай болды. Бұған дейін Ормуз бұғазында екі супертанкер минаға соғылып, жүрісінен айырылған.



