Мазмұнға өту

XDS Astana Грекияның екі дүркін чемпионымен келісімшарт жасасты

Келісімге дейін 23 жастағы велошабандоз 1 тамыздан бастап қазақстандық командада тағылымдамашы ретінде өнер көрсетті.

Греческий велогонщик Никифорос Арваниту

Қазақстандық XDS Astana Team велокомандасы грек велошабандозы Никифорос Арванитумен келісімшарт жасасты. Екі жылға есептелген келісім 2027 және 2028 жылғы маусымдарды қамтиды. Бұл туралы команда 26 қазанда хабарлады.

Афинада туған 23 жастағы спортшы — шоссе бойынша топтық жарыстан Грекияның екі дүркін чемпионы: ел біріншілігінде ол 2024 және 2025 жылдары жеңіске жеткен. Сондай-ақ Арваниту 2023–2025 жылдары қатарынан үш рет 23 жасқа дейінгі велошабандоздар арасында ел чемпионы атанды.

Грек спортшысы қазақстандық командада 1 тамыздан бастап тағылымдамашы ретінде сыналды. Кәсіпқой шоссе велоспортында командалар маусым соңына дейін байқап көру үшін алатын жас велошабандоздарды осылай атайды. Осы уақыт ішінде ол XDS Astana сапында бірнеше жарысқа қатысты, бірақ бұрынғы командасы Team United Shipping жүйесінде қала берді. Арваниту бай тарихы бар ұжымның толыққанды мүшесі болғанына қатты қуанатынын айтты.

Келісімшарт туралы команда өзінің Instagram парақшасында хабарлады.

Instagram-дағы жарияланымды қарау

XDS Astana — шоссе велоспортының ең жоғары дивизионы саналатын UCI Әлемдік турына қатысатын қазақстандық команда. Ұжым 2007 жылдан бері өнер көрсетіп келеді, ал қазіргі атауын қытайлық XDS велосипед өндірушісі титулдық демеуші болғаннан кейін алды.

Команда келесі маусымның құрамын алдын ала жасақтап жатыр: бұған дейін қазақстандық Евгений Федоров келісімшартын 2028 жылға дейін ұзартқан. Биылғы маусымда Макс Кантердің Бельгиядағы «Гойксе Пейл» жарысындағы жеңісі XDS Astana үшін 28-жеңіс болды.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз