Ормуз бұғазының оңтүстік бөлігінде 23 қазанда екі мұнай супертанкері теңіз минасына соғылды. Бұл туралы Иран Ислам революциясы сақшылары корпусының (ИРСК) әскери-теңіз күштері хабарлады, мәлімдемені мемлекеттік IRNA агенттігі таратты. ИРСК-ның айтуынша, кемелер «рұқсат етілмеген» оңтүстік бағытпен өтпек болған.
Иран тарапы минаға соғылғаннан кейін екі танкерде жарылыс болып, қатты өрт шыққанын мәлімдеді. Кемелердің машина бөлімдері істен шығып, бұғаздың оңтүстік жағалауына жақын тоқтап қалған. Экипаждар танкерлерді тастап шықты. ИРСК дерегінше, жүктің жалпы көлемі 4,5 млн баррель шикі мұнайдан асқан. Иранның мемлекеттік телеарнасы зақымданған кемелердің кадрларын көрсетті.
Танкерлердің атауы, туы және иесі жарияланған жоқ. Теңізшілер арасында зардап шеккендер туралы мәлімет түскен жоқ. Оқиға туралы ақпаратты әзірге тек Иран тарапы растап отыр, миналарды кім орнатқаны туралы тәуелсіз дерек жоқ.
Ормуз бұғазы Парсы шығанағын Оман шығанағымен жалғайды әрі әлемдік мұнай жеткізілімінің негізгі бағыттарының бірі саналады. Тегеран рұқсатсыз немесе Иран белгілеген дәліздерден тыс өткен кемелерге соққы беретінін бірнеше рет ескерткен. АҚШ-тың Иранға соққылары қайта басталғаннан кейін бұғаз шілдеде тағы жабылды.
Иранның АҚШ және Израильмен қақтығысы ақпанның соңынан бері жалғасып келеді. Бітімгершілік пен түпкілікті бейбіт келісім жөніндегі жанама келіссөздерге қарамастан, бұғаздағы кеме қатынасының қауіпсіздігі мәселесі әлі шешілген жоқ.



