25 қазанға қараған түні ресейлік шабуылдаушы дрон Украинаның Днепропетровск облысындағы ДТЭК энергетикалық компаниясының көмір өндіретін кәсіпорындарының біріне шабуыл жасады. Дрон жүк көлігіне тиді, оны жүргізуші Виталий Щербина басқарып келе жатқан. Ер адам жұмыс үстінде қаза тапты. Қызметкерінің қайтыс болғанын ДТЭК компаниясының өзі хабарлады, оның мәлімдемесін «Суспильне Днепр» және басқа да украиналық басылымдар жариялады.

ДТЭК мәліметінше, Виталий Щербина 29 жыл жүргізуші болып істеген, соның 18 жылы «ДТЭК Энерго» компаниясында өтті. Соңғы кезде ол ауыр жүк көлігін жүргізген. Әріптестері оны тәжірибелі әрі жауапты жүргізуші ретінде білетін, еңбегі компания марапаттарымен бірнеше рет аталып өткен. Марқұмнан ұлы мен қызы қалды. Компания қаза тапқан қызметкердің отбасына, жақындары мен әріптестеріне көңіл айтты.
Виталий Щербина өзінің кәсіби мерекесі күні қаза тапты: Украинада қазанның соңғы жексенбісі – автомобиль көлігі және жол шаруашылығы қызметкерлерінің күні.
Компания шабуыл болған елді мекеннің атауын және нақты уақытын айтқан жоқ. «Суспильне» марқұмды «ДТЭК Павлоградкөмір» кәсіпорнымен байланыстырады. Бұл – Донбасс көмір бассейнінің батыс бөлігіндегі шахталар, олар Украинаның жылу электр станцияларын көмірмен қамтамасыз етеді. Бұл көмірсіз елге жылыту маусымынан өту қиындай түседі, сондықтан Ресей шахталарға да, электр станцияларына да соққы береді. Азаматтық кәсіпорындар мен ондағы жұмысшыларға соққы беру – әскери қылмыс.
Украина Президенті Владимир Зеленский 25 қазан күні таңертең бұл түні Ресей әскері жылу электр станцияларына, қосалқы станцияларға, көмір шахталарына, астық қоймаларына, сауда орталықтары мен пошта терминалына шабуыл жасағанын айтты. Оның сөзінше, тоғыз облыста зақым келген.
Соңғы тәулікте Днепропетровск облысы ресейлік лаңкестіктің басты нысаналарының біріне айналды. Облыстық әскери әкімшіліктің дерегінше, басқыншылар бір тәулікте өңірге 20 реттен астам шабуыл жасады, төрт адам қаза тауып, 14 адам жараланды. Ең ауыр соққы Синельниковоға тиді: оның алдындағы күні ресейлік дрон тұрғындар тығыз қоныстанған шағынаудандағы көпқабатты үйге құлады. Синельниковоға берілген соққыдан төрт адам қаза тапты, жараланған 13 адамның арасында 11 жасар қыз бар.
Украина Әуе күштерінің хабарлауынша, 25 қазанға қараған түні Ресей Украинаға барлығы 153 шабуылдаушы дрон ұшырды. Толығырақ – біздің түнгі шабуыл туралы шолуымызда.



