Ресейдің Днепропетров облысындағы Синельниково қаласына жасаған лаңкестік шабуылынан қаза тапқандар саны төртеуге жетті. 25 қазанда таңертең алдыңғы күні кешке жараланған 62 жастағы ер адам ауруханада көз жұмды. Барлығы кемінде 13 адам зардап шекті, олардың арасында 11 жасар қыз бала бар. Бұл туралы Днепропетров облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Олександр Ганжа хабарлады.
Соққы 24 қазанда кешке, Киев уақытымен шамамен 19:30-да (Астана уақытымен 21:30-да) тұрғын үй кварталына тиді. Ресейдің шабуылдаушы дроны көпқабатты тұрғын үйге құлап, төртінші қабатта өрт шықты. Синельниково мэрі Дмитрий Зражевскийдің айтуынша, дрон тұрғындар тығыз қоныстанған шағынауданға соққы берген, үш бесқабатты үй зақымданды. Сондай-ақ дүкен мен аулада тұрған көліктер бүлінді.
Зардап шеккендер саны кеш бойы көбейе берді. Соққыдан кейін бірден Ганжа үш адамның қаза тапқанын, кемінде сегіз адамның жараланғанын хабарлады, олардың бәрі ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер 50 жастағы әйел мен 70 жастағы ер адамның жағдайын ауыр деп бағалады. Киев уақытымен шамамен 21:20-да (Астана уақытымен 23:20-да) жараланғандар саны 12-ге жетті, кейін облыстық прокуратура 13 адамның зардап шеккенін хабарлады.
Таңертең облыстық әскери әкімшілік басшысы 62 жастағы ер адамды құтқарып қалу мүмкін болмағанын жазды. «Дәрігерлер оның өмірі үшін соңына дейін күресті. Бірақ жарақаттары тым ауыр болды. Ресейдің қалаға жасаған соққысынан қаза тапқандар саны төртеуге жетті», — делінген оның хабарламасында. 25 қазандағы таңғы мәлімет бойынша, ауруханада төрт жаралы жатыр, бәрінің жағдайы ауыр. 11 жасар қыз бала амбулаториялық ем алып жатыр. Билік қаза тапқандардың есімін әзірге атаған жоқ.
Днепропетров облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Олександр Ганжа Telegram-да жаралы адамның ауруханада қайтыс болғанын және құрбандар санының өскенін хабарлады.
Украина Төтенше жағдайлар мемлекеттік қызметінің құтқарушылары көпқабатты үйдегі өртті сөндірді. Мамандар зақымданған үйлерді тексеріп, сынған терезелерді санап, жөндеу көлемін бағалап жатыр, деп хабарлайды Суспильне Днепр.

Синельниково — Днепр қаласының шығысында орналасқан аудан орталығы. Бұл соққы Днепропетров облысындағы тәуліктің ең қанды оқиғасы болды. Ганжаның мәліметінше, 24 қазанның кешінен таңға дейін Ресей әскері облыстың үш ауданына дрондармен және авиабомбамен 20 реттен астам шабуыл жасаған. Синельниково ауданынан бөлек, Никополь өңірі де атқыланды, онда 50 жастағы ер адам жараланды. Днепр қаласында инфрақұрылым зақымданды. Синельниково ауданында қаланың өзінен бөлек Васильковка, Славгород, Петропавловка және Николаевка аумақтық қауымдастықтары шабуылға ұшырады: жеке және көпқабатты үйлер, дүкендер, көліктер бүлінді.
Облыстық әкімшіліктің дерегінше, 24 қазанда күндіз де Ресейдің дрондары мен артиллериясы Днепропетров облысының алты ауданына 60 реттен астам соққы берген. Сол кезде екі адам қаза тауып, бірнеше адам, оның ішінде бала зардап шеккен.
Ресей Синельниково ауданын дрондармен және басқарылатын авиабомбалармен күн сайын дерлік атқылайды. Мұндай бомбаларды ұшақтар әуе қорғанысы жетпейтін қашықтықтан тастайды. Украина Президенті Владимир Зеленскийдің айтуынша, бір аптада Ресей Украинаға 1 600-ге жуық басқарылатын авиабомба, 48 зымыран және 2 300-ге жуық шабуылдаушы дрон ұшырған. «Өкінішке қарай, бұл қатыгез соққылардан күн сайын дерлік қаза тапқандар мен жараланғандар бар», — деді ол.
25 қазанға қараған түні Ресей Украина қалаларына лаңкестік шабуылын жалғастырды: Украина Әуе күштері 153 шабуылдаушы дронды тіркеді, 15 жерде соққы болғаны белгілі.



