25 қазанда Ресей әскері Запорожьеде қоғамдық көлік аялдамасының жанындағы адамдарға FPV-дронмен соққы берді. Жасы 53-те, 62-де және 68-дегі үш ер адам жараланды, оларға медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Шабуыл туралы Киев уақытымен сағат 11:27-де (Астана уақытымен 14:27-де) Запорожье облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Михаил Семикин хабарлады.
FPV-дрон – шағын ұшқышсыз аппарат, оны оператор камерадан түсетін бейнеге қарап, нақты уақыт режимінде басқарады. Мұндай дрон қайда ұшып бара жатқанын көреді, сондықтан бейбіт тұрғындар көлік күтіп тұрған аялдамаға берілген соққыны кездейсоқ деуге болмайды.
Әуелі облыстық әскери әкімшілік екі адамның жараланғанын хабарлады, кейін олардың саны үшеуге жетті. Михаил Семикин бұл шабуылды ресейлік лаңкестіктің кезекті көрінісі деп атап: «Ресей тағы да қаланың дәл ортасында бейбіт адамдарға соққы беріп жатыр», – деп жазды.
Оқиға орнында болған «Суспильне Запорожье» тілшілерінің айтуынша, жарылыс қалалық автобус пен аялдама аумағын зақымдаған. Суреттерде шұңқыр, шашылып жатқан тротуар плиткалары, әйнек сынықтары және жол үстінде салбырап тұрған үзілген сымдар көрінеді. Коммуналдық қызметтер мен құтқарушылар соққы болған жерді тазалады.

Бейбіт тұрғындарға қасақана соққы беру халықаралық құқық бойынша әскери қылмыс болып саналады.
Бұл Запорожьеге бір тәулікте берілген алғашқы соққы емес. «Украинская правда» хабарлағандай, түнде ресейлік шабуылдан қаладағы сауда нысанында өрт шықты. Kyiv Independent келтірген жергілікті билік деректеріне қарағанда, өткен тәулікте Ресей армиясы Запорожье облысындағы 52 елді мекенге дрондармен, артиллериямен, авиациямен және көп зарядты зымыран жүйелерімен 832 рет соққы беріп, төрт адам жараланды.
25 қазан күні ресейлік дрон Херсонға да шабуыл жасады: «Суспильне Херсон» хабарлауынша, қаланың Днепр ауданында бір әйел жараланды. 25 қазанға қараған түні Ресей Украинаға барлығы 153 шабуылдаушы дрон ұшырды – толығырақ біздің түнгі шабуыл туралы шолуымызда.



