Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров Анже қаласында өткен Франция Гран-приінде оныншы орынға тұрақтады. Бұл кезең ISU Гран-при сериясының 2026/27 маусымын ашты. Шайдоров екі бағдарламаның қорытындысы бойынша 206,55 ұпай жинады: қысқа бағдарламадан — 80,25, еркін бағдарламадан 126,30 ұпай алды.
Шайдоров қысқа бағдарламада құлап қалғанына қарамастан, төртінші орынға жайғасқан еді. Еркін бағдарламадан кейін ол қола жүлдегерден 38,35 ұпай артта қалды.
Үй кезеңінде француз Адам Сяо Хим Фа 284,24 ұпаймен жеңіске жетті. Ол қысқа бағдарламадан кейін-ақ 102,46 ұпаймен көш бастап тұрған. Күміс жүлдені жапониялық Као Миура (247,96) иеленді, бірінші күннен кейін ол тоғызыншы ғана орында еді. Қола жүлде кореялық Со Мин Гюге (244,90) бұйырды.
Гран-при — Халықаралық конькимен жүгіру одағының (ISU) алты кезеңнен тұратын басты турнирлер сериясы. Оның қорытындысы бойынша әр сайыс түрінен үздік алты спортшы желтоқсандағы финалға шығады. Шайдоров биылғы маусымда серияның екі кезеңіне тіркелген.
Шайдоров 2026 жылғы ақпанда Милан мен Кортина-д’Ампеццода өткен Олимпиада ойындарында чемпион атанды. Қыркүйекте ол Олимпиададан кейінгі алғашқы сайысында Братиславадағы Непела мемориалында қола жүлде алып, жеңімпаздан 19,34 ұпайға қалды.



