Мазмұнға өту
2026 жылғы 12 қараша, бейсенбі

ҰҚК «Еңбек» РМК басшыларына қатысты тергеу жүргізіп жатыр

2025 жылғы қаңтарда осы кәсіпорын бас директорының орынбасары мен құрылыс басқармасының бастығы пара алды деген күдікпен ұсталған еді.

Папка с уголовным делом на столе следователя
Фото: polisia.kz

Ұлттық қауіпсіздік комитеті ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне қарасты «Еңбек» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының басшыларына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Мұны ҰҚК 12 қарашада журналистердің сауалына берген жауабында растады. Қандай қылмыс бойынша тергеу жүріп жатқанын және іске нақты кімдер тартылғанын ведомство айтпай отыр.

«Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Өзге ақпарат жария етуге жатпайды», — деп жауап берді ҰҚК баспасөз қызметі. Ведомство Қылмыстық кодекстің бабын да, бұлтартпау шарасын да атамады: өзге мәліметтер тергеу деректерін жария етпеу туралы Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жабық.

ҰҚК-ге сауал Telegram-арналардағы хабарлардан кейін жолданды. Олардың жазуынша, 5 қарашада кәсіпорынның бас директоры мен тамақтандыру басқармасының бастығы қызметтік кабинеттерінде ұсталған, оларды азық-түлік сатып алу мен жеткізу кезінде сыбайлас жемқорлыққа барды деп күдіктенеді. ҰҚК бұл мәліметті растаған да, жоққа шығарған да жоқ. Сот шешім шығарғанға дейін іс бойынша кез келген адам кінәсіз саналады.

«Еңбек» РМК түзеу мекемелерінде өндіріс ұйымдастырады, сотталғандарды жұмысқа орналастырады және түрме жүйесін қажетті нәрселермен, соның ішінде азық-түлікпен қамтамасыз етеді.

Бұл кәсіпорынға қатысты алғашқы қылмыстық іс емес. 2025 жылғы қаңтарда Астана қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ІІМ Меншікті қауіпсіздік департаментімен бірлесіп «Еңбек» бас директорының орынбасары мен құрылыс басқармасының бастығын ұстаған. Оларды кәсіпкерлерден мемлекеттік сатып алу шарттарын жасағаны, орындалған жұмыстар актілеріне қол қойғаны және ақысын төлегені үшін жүйелі түрде пара алды деп күдіктенген. Сол кезде сот оларды қамауға алуға санкция берген.

«Еңбек» ісі ҰҚК «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшылары Нұрлан Жақыпов пен Елжас Отыншиевтің ұсталғанын ресми растаған күні белгілі болды. Оларды да сыбайлас жемқорлық қылмысы жасады деп күдіктенеді, ведомство толық мәлімет бермей отыр.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз