Ұлытау облысында «Жезқазған – Арқалық – Петропавл» республикалық тасжолының 109 шақырымдық учаскесінде орташа жөндеу аяқталып, көлік қозғалысы ашылды. Бұл туралы облыс әкімдігі хабарлады. Жөнделген бөлік 143-шақырымнан 252-шақырымға дейін созылып, Ұлытау ауылынан Қостанай облысының шекарасына дейінгі аралықты қамтиды. Бұл жол Жезқазғанды Арқалықпен, одан әрі елдің солтүстік өңірлерімен байланыстырады.
Жөндеу кезінде жол жеті учаскеге бөлінді. Жол құрылысшылары 17 суағар құбырын ауыстырып, жаңартты, Балга көпірін жөндеді. Құрылыс материалдарының сапасын Ұлттық сапа орталығының мамандары бақылады: олар сынама алып, материалдардың нормативке сәйкестігін зертханада тексерді. Мердігер ұйымдар атқарылған жұмысқа үш жылға дейін кепілдік берді.
Учаске кезең-кезеңімен пайдалануға берілді. Алдымен 2025 жылғы қарашада 193–208-шақырым аралығындағы 15 шақырымдық бөлік ашылды. Енді қалған учаскелердегі жұмыс та бітіп, жөнделген жолдың бүкіл бойында қозғалыс ашылды.
Жезқазғаннан Қостанай облысының шекарасына дейін тасжолдың ұзындығы 238 шақырым, яғни жөнделген бөлік осы жолдың жартысына жуығы. 2024 жылы «ҚазАвтоЖолдың» өңірлік филиалында Ұлытау ауылынан көрші облыстың шекарасына дейінгі жолды толық тозған деп атаған, ал орташа жөндеу 143–163-шақырым аралығынан басталған. Қыс алдында «ҚазАвтоЖол» трассаларда қар тазалайтын техниканың жетіспейтінін де хабарлаған.



