UFC ауыр салмақтағы титулына үміткер Джош Хокит Нью-Йорктегі UFC 334 турнирі алдындағы медиакүнде ерсі қылық көрсетті: 11 қарашада ол Аманда Нуньес орнында жоқ кезде оның үстеліне жақындап, чемпиондық белбеулерін алып кетті. Бұл туралы MMA Mania хабарлады. UFC баспасөз қызметінің қызметкерлері Хокитті тауып, белбеулерді бразилиялық жекпе-жекшіге қайтарды. Нуньестің өзі бұған қалай қарағаны айтылмайды.
Бұл қылық жанкүйерлерге Конор Макгрегормен болған әйгілі оқиғаны еске салды: 2015 жылы Дублиндегі баспасөз мәслихатында ирландиялық жекпе-жекші сол кездегі чемпион Жозе Алдоның белбеуін үстелден алып кеткен.
Сенбіде, 14 қарашада, Хокит «Мэдисон-сквер-гарденде» өтетін кештің басты жекпе-жегінде ауыр салмақтағы чемпион Сирил Ганмен кездеседі. Uncrowned басылымына берген сұхбатында америкалық француз қарсыласын қыспаққа алатынын айтты: «Қалай болса да оған жетемін, содан кейін оны титықтатамын».
Кештің екінші басты жекпе-жегінде UFC-дің 61 келіге дейінгі салмақ санатындағы чемпионы Кайла Харрисон титулын Нуньеске қарсы қорғайды. Бұрын бірден екі салмақ санатында чемпион болған Нуньес октагонға оралып отыр. Турнирдің қорытынды баспасөз мәслихаты «Мэдисон-сквер-гарденде» 12 қарашада Нью-Йорк уақытымен сағат 18:00-де, яғни Астана уақытымен 13 қарашада сағат 04:00-де өтеді.



