Ақтаудың 27-шағын ауданында 12 қарашада көппәтерлі тұрғын үйдің ауласында жеңіл көлік өртеніп, артынша оның газ баллон жабдығы жарылды. ТЖМ зардап шеккендер жоқ деп хабарлады, алайда Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы күйік алған ер адамның дәрігерге қаралғанын айтты.
Өрт туралы хабар сағат 11:46-да түсті. Маңғыстау облысы ТЖД мәліметінше, 45 литрлік газ баллоны орнатылған Hyundai Elantra көлігі жанған, газ жабдығы өрт сөндірушілер жеткенге дейін жарылып кеткен. Оқиға орнына ТЖД-ның алты қызметкері мен бір бірлік техника шықты. Өрт сағат 11:58-де толық сөндірілді.
ТЖМ оқиға орнынан түсірілген бейнежазбаны жариялады:
Алғашында ТЖМ ешкім зардап шекпегенін мәлімдеді. Кейін өңірлік денсаулық сақтау басқармасы облыстық көпбейінді ауруханасының қабылдау бөліміне беті, мойны және екі қолы күйген 1988 жылы туған ер адам келгенін хабарлады. «Дәрігерлер оған қажетті көмек көрсетіп, емделу үшін ауруханада қалуды ұсынды», — делінген басқарма хабарламасында. Ер адам ауруханаға жатудан бас тартқан. Оның көлік иесі екені не емесі нақтыланбаған.
Көліктің неліктен өртенгені туралы ресми мәлімет әзірге жоқ. ТЖМ газбен жүретін көлік иелеріне газ баллон жабдығына уақтылы техникалық қызмет көрсетуді және өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды ескертті. Өрт шыққан жағдайда 112-ге хабарласыңыз.
Дәл осындай оқиға бұл шағын ауданда 2020 жылғы қыркүйекте де болған: Маңғыстау облысы ТЖД мәліметінше, ол кезде жанып жатқан Daewoo Nexia көлігінде өрт сөндірушілер келгенге дейін газ баллоны жарылған, зардап шеккендер болмаған. Бұған дейін Астанада газ баллон жабдығы бар жүк көлігі өртенген еді, онда да өрт сөндірушілер жеткенге дейін газ жабдығы жарылған.



