Мазмұнға өту
2026 жылғы 15 қараша, жексенбі

Николас Кейдж комикстерін кім ұрлағанын әлі күнге білмейді

Ұрланған коллекциядағы ең құнды комикс – Супермен алғаш шыққан Action Comics-тің бірінші саны – 11 жылдан кейін бөтен біреудің қоймасынан табылды.

Актёр Николас Кейдж
Фото: Georges Biard / Wikimedia Commons

Николас Кейдж 26 жыл бұрын миллиондаған долларлық комикстер коллекциясы ұрланғанын еске алды. «Мұны кім істегенін мен әлі күнге дейін білмеймін», – деп мойындады 62 жастағы актер People журналына берген эксклюзив сұхбатында. Ол журналистермен 4 қарашада «Мэдден» фильмінің премьерасында сөйлескен, материал 15 қарашада жарияланды.

Ұрлық Кейдждің Калифорниядағы үйінде өткен рождестволық кеш кезінде болған. «Бұл жүрегімді жаралады. [Action Comics №1] 150 000 долларға сатып алынған еді, менде рождестволық кеш болды, мен ақымақтықпен олардың бәрін витриналарда ұстадым… сосын оянып, төменге түстім, олардың бәрі жоқ болып шықты. Бәрі жоқ», – деді Кейдж. 2000 жылғы қаңтарда ол Лос-Анджелес полициясына ұрлық туралы арыз берді, бірақ ұры табылмады.

Ең үлкен шығын – Action Comics №1 болды. Бұл – Супермен алғаш рет пайда болған 1938 жылғы шығарылым. Кейдж оны 1996 жылы 150 мың долларға (шамамен 67 млн теңге) сатып алған, ал ұрланған кезде комикстің құны шамамен 1 млн доллар деп бағаланған. 2011 жылы ол күтпеген жерден табылды: Оңтүстік Калифорниядағы бір қойманың ішіндегісін сатып алған ер адам комиксті кездестіріп қалған. Полиция оның актерден ұрланған зат екенін анықтады. Кейін Кейдж оны аукционда 2,2 млн долларға (шамамен 977 млн теңге) сатты. «Сол бір кітап қайтып келді, сол кезде өмірімде не болып жатса да, амал жоқ, оны сатуға тура келді, жақсы пайда таптым. Оны сатқым келмеді, бірақ мен ондай заттарды жинауды қойдым», – деді актер.

Коллекцияның қалған бөлігі әлі табылған жоқ. «Олардың бәрі бір жерде жүр. Detective [Comics] №27 бір жерде жүр», – дейді Кейдж. Ал Action Comics №1-дің бағасы осы уақытта рекордтық 15 млн долларға (шамамен 6,7 млрд теңге) жетті – бұл жеке мәміле 2026 жылғы қаңтарда жарияланған. «Action №1 жақында 15 миллион долларға сатылғанына сенесіз бе?» – деп таңғалды актер. Енді оның комикстің орнына басқа әуесқойлығы бар: «Мен тамақ жегенді жақсы көремін. Тамақ пісіргенді ұнатамын».

Николас Кейдж – «Лас-Вегастан кету» фильмі үшін «Оскар» алған актер, «Жартас», «Бетсіз» және «Ұлттық қазына» фильмдерінің жұлдызы. Жақында Variety оның сериалдағы әр серия үшін 1 млн доллардан алғанын анықтаған еді.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз