BTS тобы Кореяның Melon Music Awards 2026 сыйлығында «Жыл әртісі» атанды. Бұл — топтың осы салтанатта алған екінші бас жүлдесі, яғни дэсаны: бір күн бұрын BTS ARIRANG альбомы үшін «Жыл альбомы» марапатын иеленген еді. Yonhap агенттігінің хабарлауынша, Сеулде екі күнге созылған сыйлықта топ барлығы алты марапат жеңіп алды. Бұл — салтанаттағы ең көп көрсеткіш.
Екі дэсаннан бөлек, BTS «Жыл сахнасы» және «Үздік ер адамдар тобы» марапаттарын алып, TOP10 және Global TOP10 тізімдеріне енді. Салтанаттың екінші күні 15 қарашада «Гочхок Скай Доум» стадионында өтті. Сыйлық алғаш рет қатарынан екі күн ұйымдастырылды, оны барлығы 36 мыңға жуық көрермен тамашалады.
Топ мүшелері салтанатқа келмеді: олар әлемдік гастрольде жүр, сондықтан жанкүйерлеріне бейнежазба арқылы алғыс айтты. «2026 жыл біз үшін өмір бойы ұмытылмайтын жыл болатын сияқты», — деді Шуга. Чимин: «Сағынған әрі алғыс айтатын АРМИ-мен қайта кездесіп, олардың алдында өнер көрсете алғаныма қатты қуандым», — деп ағынан жарылды. Джин топтың не себепті бейнежазба түсіргенін түсіндірді: «Тамаша марапат алған бүгінгі күнді сіздермен бірге тойлап, есте сақтағымыз келеді, сондықтан ең болмаса осылай сәлем жолдап отырмыз». Ал Ви: «АРМИ бізге жарық сыйлап, бізді қорғағаны сияқты, біз де әрқашан сіздердің жаныңызда әдемі жарқырап жүруге тырысамыз», — деп уәде берді.
Екінші күнгі өзге бас жүлделер жаңа буын топтарына бұйырды. «Жыл жазбасы» марапатын CORTIS алса, «Жыл әні» BANG BANG трегі үшін IVE тобына берілді. IVE барлығы бес марапат жеңіп алды. Тағы бір дэсанды — «Жылдың жаһандық K-әртісі» атағын — бірінші күні aespa тобы алған еді. Жылдың жаңа есімдері LONGSHOT пен ALPHA DRIVE ONE болды.
BTS — жеті мүшеден тұратын, әлемге ең танымал корей тобы. ARIRANG 2026 жылғы 20 наурызда жарық көрді. Бұл — толық құрамның үш жыл тоғыз айдағы алғашқы альбомы әрі барлық мүше әскери борышын өтегеннен кейінгі тұңғыш альбомы. Сыйлықтың бірінші күні туралы airpress.kz BTS «Жыл альбомы» марапатын алғаны жөніндегі материалда жазған болатын. Бұған дейін, 14 қарашада, топ АҚШ-тың Kids’ Choice Awards сыйлығында үш марапат жеңіп алды. BTS ARIRANG әлемдік гастролін 19 қарашада Тайваньдағы Гаосюн қаласында концерттермен жалғастырады.



