Мазмұнға өту

BTS ARIRANG альбомы үшін Melon Music Awards бас жүлдесін алды

«Жыл альбомы» марапатын актриса Ли Ён Э табыстады, ал номинацияда BTS-пен бірге aespa, AKMU, CORTIS және IVE бақ таласты.

Группа BTS
Фото: MyDaily

BTS тобы Melon Music Awards 2026 сыйлығының бес бас жүлдесінің (дэсан) бірі – «Жыл альбомы» марапатын жеңіп алды. Марапат топтың бесінші студиялық альбомы ARIRANG үшін 14 қарашада, сенбі күні Сеулдегі «Гочхок Скай Доум» стадионында өткен салтанаттың алғашқы күнінде табысталды. Бұл туралы Hankyung корей басылымы хабарлады.

BTS бас жүлдеден бөлек ARIRANG әлемдік туры үшін «Жыл сахнасы» марапатын алып, Global TOP10 қатарына енді. Осылайша топ бір кеште үш жүлдеге ие болды. Алайда топ мүшелері тур кестесіне байланысты салтанатқа келмеді: олардан алғыс сөз де, бейнеүндеу де болған жоқ.

«Жыл альбомы» номинациясында BTS aespa (LEMONADE), AKMU (FLOWERING), CORTIS (GREENGREEN) және IVE (REVIVE+) топтарының альбомдарын басып озды. Марапатты актриса Ли Ён Э табыстады. Кештің екінші бас жүлдесін – биыл алғаш тағайындалған «Жылдың жаһандық K-әртісі» марапатын aespa тобы алды.

Melon Music Awards 2026 марапатын табыстап тұрған актриса Ли Ён Э
Фото: Melon

Салтанатқа BIGHIT MUSIC агенттігінің вице-президенті Ким Хён Джон қатысты: ол «Үздік продюсер» марапатын алып, сөзінде топ туралы айтты. «Биылғы жыл ерекше болды: шамамен үш жыл тоғыз айдан кейін BTS ARIRANG атты жаңа альбом шығарып, әлемдік турда бүкіл әлемдегі жанкүйерлермен кездесті», – деді ол. Сондай-ақ ол: «Бұдан кейін де жеті мүшені шын жүректен қолдайтын көмекші болуға тырысамын», – деп қосты.

ARIRANG 2026 жылғы 20 наурызда жарық көрді. Бұл – BTS толық құрамының үш жыл тоғыз айдан бергі алғашқы альбомы әрі жеті мүшенің бәрі әскери борышын өтегеннен кейінгі тұңғыш жұмысы. Альбомның басты әні SWIM шыққаннан кейін бір сағат ішінде Melon TOP100 чартының көшін бастады, ал альбомдағы 14 әннің бәрі үздік жүздікке енді. Шыққанына сегіз ай болса да, альбом Billboard 200 чартында 62-орында тұр. Мамыр айында BTS American Music Awards сыйлығында мансабында екінші рет «Жыл әртісі» атанды.

Melon Music Awards салтанатының екінші күні 15 қарашада өтеді: сол күні «Жыл әртісі», «Жыл әні», «Жыл жазбасы» және «Жыл жаңа есімі» марапаттарының иелері жарияланады. Топ ARIRANG әлемдік турын 19 қарашада Тайваньның Гаосюн қаласындағы концерттермен жалғастырады. Концерттер арасындағы үзілісте Джин, Джей-Хоуп, Чимин мен Ви әскери жиыннан өтті.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз