«Миннесота Уайлдтың» шабуылшысы Кирилл Капризов Лига ойыншылары қауымдастығының (NHLPA) нұсқасы бойынша НХЛ-дағы аптаның үздік ойыншысы атанды. Кәсіподақ бұл туралы 13 қарашада, жұма күні, хабарлап, ресейлік хоккейшінің бір аптада 9 ұпай жинағанын және осы көрсеткіш бойынша лигада бірінші орынды бөлісіп отырғанын атап өтті.
Капризов бұл ұпайларды төрт матчта жинады, оның екеуінде бірден бірнеше ұпайға қол жеткізді. «Сан-Хосені» 4:1 есебімен жеңген ойында ол маусымдағы 16-шайбасын соғып, үш нәтижелі пас берді. Монреальда овертаймның 21-секундында «Миннесотаға» 2:1 есебімен жеңіс сыйлады — бұл оның НХЛ-дағы мансабында овертаймда соққан 15-голы. Торонтода ресейлік шабуылшы үш нәтижелі пас берді, ал «Уайлд» 5:2 есебімен жеңді.
Капризов ұпай сериясын 10 матчқа жеткізіп, осы ойындарда 18 (6+12) ұпай жинады. Маусымдағы 21 ойында оның есебінде 35 (17+18) ұпай бар: гол саны бойынша ол лигада екінші, ұпай бойынша үшінші орында. «Миннесота» да қарқынды ойнап жүр: команда қатарынан 10 матчта негізгі уақытта жеңілген жоқ және 14-3-4 көрсеткішімен Батыс конференциясының көшбасшылары қатарында келеді.
Капризов 29 жаста, «Миннесотада» 2021 жылдан бері ойнайды. 2025 жылдың күзінде шабуылшы клубпен 136 млн долларлық — шамамен 60 млрд теңгелік — сегіз жылдық келісімшартқа қол қойды. Бұл сол кездегі НХЛ тарихындағы орташа жылдық жалақысы ең жоғары келісімшарт еді.



