Алматы халықаралық әуежайында 14 қарашада ішкі рейстерге арналған Т1 терминалы 13 айға созылған қайта жаңғыртудан кейін ресми түрде ашылды. Енді ол жылына 9 млн жолаушыға дейін қызмет көрсете алады. Ашылу салтанатына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Көлік министрі Әсел Жанасова, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды және түріктің TAV Airports Holding компаниясының бас директоры Серкан Каптан қатысты. Бұл туралы Көлік министрлігі хабарлады.
Жолаушылар үшін ең алдымен кіреберістен ұшаққа дейінгі жол өзгерді. Ауданы 1 700 шаршы метр тіркеу аймағы толық жаңартылып, 23 жаңа тіркеу орны қойылды. Ұшу алдындағы тексеру аймағындағы өткізу жолы 2 метрден 3,5 метрге дейін кеңейді, ал отырғызу талондарын сканерлейтін автоматты турникеттер үшеуден бесеуге көбейді. Ұшаққа отырғызатын сегіз шығу аймағының бәрі жаңартылып, күту орындары көбейді: №1 шығу аймағындағы күту залы 200 шаршы метрден 350 шаршы метрге дейін ұлғайды. Сонымен қатар терминалда үш жаңа телескопиялық трап орнатылды.
Багаж өңдеу жүйесі де түбегейлі өзгерді. Ұшып келу және ұшып кету бағыттарындағы сұрыптау аймақтары кеңейтіліп, багаж конвейерлерінің жалпы ұзындығы 85 метрден 228 метрге жетті. Енді жолаушылардың жүгін ішіндегісін үш өлшемді форматта егжей-тегжейлі көрсететін тексеру жүйесі қарайды.
Ғимаратта электрмен жабдықтау, желдету, жылыту, өрт дабылы және автоматты өрт сөндіру сияқты негізгі инженерлік жүйелер ауыстырылды. Барлық 14 санитарлық бөлме мен ана мен бала бөлмесі жөндеуден өтіп, лифтілер жаңартылды, жаңа дүкендер мен дәмханалар ашылды.
Қайта жаңғырту 2025 жылғы қыркүйекте басталып, оған шамамен 32 млн АҚШ доллары жұмсалды. Жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілгендіктен, терминал осы уақыт бойы жабылған жоқ. Жөндеу кезінде Air Astana ішкі рейстерге тіркеуді Т2 халықаралық терминалына көшірген еді, ал 6 қарашадан бастап оны Т1-ге қайтарды. Бастапқыда негізгі жұмыстарды қыркүйектің соңына дейін аяқтау жоспарланған болатын.
Т1 терминалын жаңарту – Алматы әуежайын 2050 жылға дейін дамытудың Бас жоспары бойынша алғашқы кезең саналатын Horizon бағдарламасының бөлігі. Бағдарламаға сондай-ақ Орталық Азиядағы әуе кемелерін мұздануға қарсы өңдейтін алғашқы алаң, ұзындығы 4 000 метр жаңа рулеждік жол, ұшу-қону жолақтарының бірін реконструкциялау, VIP перрон мен тұрақтарды жаңарту, жүк перронын дамыту және техникалық қызмет көрсету ангарын салу кіреді. Бұған дейін әуежай жүк терминалын кеңейтетінін хабарлаған.
2024 жылғы маусымнан бері Алматының халықаралық рейстеріне жаңа Т2 терминалы қызмет көрсетеді, ал Т1 ішкі бағыттарға берілді. Бүкіл жолаушылар ағыны бір ғимарат арқылы өткен кезде оның қуаты жылына шамамен 3,2 млн жолаушы болатын. Әуежайды түріктің TAV Airports холдингі басқарады. Қазақстан әуежайларының кімге тиесілі екені туралы airpress.kz бұған дейін жеке жазған.



