Америкалық модель Белла Хадид Газа секторындағы отбасыларға қысқы шатыр алуға 50 мың доллар (шамамен 22,2 млн теңге) бөлді. Қаражат Tents of Hope ұйымының Winter Tent Kits бағдарламасына түседі. Модель бұл туралы Instagram парақшасында жазды.
Хадидтің айтуынша, бұл қаражат 100 отбасыға су өткізбейтін шатыр, көрпе мен матрас алуға жетеді. «Газаға қыс келді. Жүздеген мың отбасы мен суықтың арасында тозығы жеткен шатырдан басқа ештеңе жоқ», – деп жазды модель.
Хадид гуманитарлық ұйымдардың бағалауын келтірді: Газаға кемінде 300 мың шатыр қажет. Бір отбасына арналған көрпе 25 доллар (шамамен 11 мың теңге), тұтас шатыр 250 доллар (шамамен 111 мың теңге) тұрады. «Мен мұны сан үшін бөлісіп отырған жоқпын. Мен мұны бөлісіп отырмын, себебі арамыздан жеткілікті адам әрекет етсе, бұл тапшылық бір-бір отбасыдан бірте-бірте жабылады деп сенемін», – деп түсіндірді ол.
Белла Хадидтің Instagram-дағы жазбасы «Газаны су басып жатыр: 70 000-нан астам шатыр қирады» деген жазуы бар суреттен басталады.
Екі жылға созылған соғыс кезінде Газа тұрғындарының көбі баспанасынан айырылып, шатырлар мен уақытша паналарда тұрып жатыр. 7–8 қарашада жауған нөсер салдарынан Газада 70 мыңға жуық шатырды су басты, үйінді опырылып, бес адам қаза тапты.
Белла Хадид 30 жаста, ол – әлемдегі ең танымал модельдердің бірі. Әкесі – палестиналық девелопер Мохаммед Хадид, апасы – модель Джиджи Хадид. Белла палестиналықтарды ашық қолдап келеді: 2024 жылы апалы-сіңлілі Хадидтер Газадағы отбасыларға көмектесетін ұйымдарға 1 млн доллар аударған, ал 2026 жылғы қаңтарда Белла актер Педро Паскальмен бірге Лос-Анджелесте Artists for Aid қайырымдылық концертін жүргізді. Осы аптада Газа тұрғындарын қолдауға Instagram-да канадалық әнші Шон Мендес те шақырды.



