Газа секторында жауған қатты нөсер мәжбүрлі қоныс аударушылар тұратын 70 мыңға жуық шатырды су астында қалдырды. Бұл деректі Газа үкіметінің баспасөз кеңсесі келтірді. Жексенбі күні кешке анклавтың орталығындағы Дейр-эль-Балахта шатырлы лагерьдің үстіне құм үйіндісі мен тас тақта опырылып түсті. Газаның азаматтық қорғаныс қызметінің хабарлауынша, 5 адам қаза тапты, олардың үшеуі – балалар, екеуі – әйелдер.
Үйінді қараңғыда, кешкі намаздан шамамен бір сағат өткен соң құлады. Құм астында қалған адамдар тұншығып көз жұмды. Құтқарушылар мен көршілер үйіндіні күрекпен және қолмен аршып, құм астынан оннан астам жаралыны тірі алып шықты. Азаматтық қорғаныс қызметінің өкілі Махмуд Басальдың айтуынша, құтқарушыларда ауыр техника болғанда, қаза тапқандар азырақ болуы мүмкін еді. Техниканың жетіспеуіне ол Израильдің Газаға жабдық кіргізуге қойған шектеулерін кінәлады.

Дауыл сенбі күні басталған. ХАМАС-қа бағынатын баспасөз кеңсесінің дерегінше, кей жерлерде су шамамен бір метрге дейін көтерілді, ондаған қабырға мен құрылыс опырылды, шығын 3 млн доллар деп бағаланды. Ауа райы бұзылған кезде азаматтық қорғаныс қызметіне 2100-ден астам қоңырау түскен, бірақ адам мен көлік жетіспегендіктен, құтқарушылар соның 218-іне ғана бара алған.
Құтқарушылар қоныс аударушыларға шатырды құм үйінділері мен төбешіктердің жанына, әсіресе жаңбыр кезінде, тікпеуді ескертті, ал гуманитарлық ұйымдардан техника жіберуді сұрады. Баспасөз кеңсесінің басшысы Исмаил ас-Савабта Газаға шатыр, брезент пен құтқару жабдығын шұғыл жеткізуге шақырды.
Газада атысты тоқтату режимі 2025 жылғы 10 қазаннан бері күшінде. Келісім Мысыр, Катар және АҚШ-тың делдалдығымен екі жылға созылған соғыстан кейін жасалды. Ол соғыс 2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС-тың Израильге шабуылынан басталған еді. Анклав тұрғындарының көбі баспанасынан айырылып, шатырлар мен уақытша паналарда тұрып жатыр. Атысты тоқтату режиміне қарамастан, Израиль Газаға соққы беруін жалғастырып отыр.



