Мазмұнға өту

Венгрияда Орбанның інісі адамдарды заңсыз өткізу ісі бойынша ұсталды

Венгрия БАҚ-тарының дерегінше, іс Вьетнам азаматтары шенген визасын алған схемаға байланысты болуы мүмкін.

Арон Орбан, младший брат бывшего премьер-министра Венгрии Виктора Орбана
Фото: Facebook/Global Arms Hungary

Венгрияда бұрынғы премьер-министр Виктор Орбанның інісі Арон Орбан ұсталды. Ол адамдарды заңсыз өткізді деген күдікпен ұсталған. Бұл туралы дүйсенбі күні қазіргі үкімет басшысы Петер Мадьяр баспасөз хабарларына сілтеме жасап, Facebook-те жазды. Сол күні таңертең Ұлттық тергеу бюросы (NNI) мен Мүлікті қайтару және қорғау жөніндегі ұлттық басқарма (NVVH) Будапешт пен Пешт медьесінің екі елді мекенінде бірлескен операция өткізді.

Полицияның хабарлауынша, операция адамдарды заңсыз өткізуге қатысты екі қылмыстық іс аясында жүріп жатыр: бірнеше адам ұсталып, олардың үйлерінде тінту жүргізілуде. Ведомстволар ұсталғандардың есімін ресми түрде атамады, толық мәліметті кейінірек беретінін айтты. Арон Орбанның ұсталуы мүмкін екенін алғаш Kontroll порталы жазды. AFP дерегінше, бұл портал премьердің бауыры Мартон Мадьярға тиесілі.

Венгрия БАҚ-тары бұл істі визалық схемамен байланыстырады. Тергеуші журналистер бұған дейін Арон Орбанның Multi Shoot Zrt. компаниясы Вьетнам азаматтарын Печ университетіндегі екі күндік өмір құтқару курсына жазғанын, бұл оларға венгр визасын, демек, шенген визасын алуға көмектескенін жазған. Сондай-ақ Арон Орбан үкімет уәкілінен кейбір визаларды тезірек рәсімдеуді сұрағаны айтылған. Қыркүйекте NVVH төрт істі өз қолына алды, соның бірі – жұмыс істеуге және тұруға рұқсат алу үшін саяси байланыстарды сату туралы іс.

Виктор Орбан ұстауды «лас ойын» әрі есеп айырысу деп атады. «Нысана – мен, інім тек құрал», – деп жазды ол Facebook-те. Оның айтуынша, билік үкіметтің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі парламенттік комитетте тыңшылық жанжалы бойынша беретін есебінен назар аударғысы, саяси қарсыластарын жойып, бір партиялық жүйе құрғысы келеді. Мадьяр бұған жауап ретінде Орбан осылайша інісінің ұсталғанын іс жүзінде растады деп, «Не ексең, соны орасың» деген мақалды келтірді.

Мадьяр бастаған «Тиса» партиясы 2026 жылғы 12 сәуірдегі сайлауда жеңіске жетті, ал Венгрияны 16 жыл басқарған Орбан қызметінен айырылды. Жаңа премьер бұрынғы биліктің сыбайлас жемқорлығы мен қызметін асыра пайдалануын тергеуге уәде берген, NVVH те осы мақсатпен құрылды. AFP дерегінше, қазір үш бұрынғы министр қамауда отыр, олардың арасында Орталық банктің бұрынғы басшысы Дьёрдь Матолчи бар. Сайлаудан кейін Мадьяр Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған жауап хатында Қазақстанды Венгрияның Орталық Азиядағы негізгі серіктесі деп атаған.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз