Мазмұнға өту

Олимпиада чемпионы Тедди Ринер Франция президенті сайлауына түседі

Бюллетеньге енуі үшін спортшыға кемінде 500 сайланбалы лауазымды тұлғаның қолын жинау керек, ал әзірге ондай қолдау жоқ.

Французский дзюдоист Тедди Ринер празднует победу на арене Шамп-де-Марс в Париже, 3 августа 2024 года
Фото: AP

Дзюдодан бес дүркін олимпиада чемпионы Тедди Ринер 2027 жылғы сайлауда Франция президенттігіне кандидатурасын ұсынатынын мәлімдеді. 37 жастағы спортшы бұл туралы дүйсенбі күні Le Parisien газетіне берген сұхбатында және X желісінде жариялаған бейнежазбасында айтты.

Ринер өзін бірлік кандидаты деп атайды, солшылдарға да, оңшылдарға да жатпайтынын айтады. Көзқарасы туралы сұраққа ол «Ешқайсысы да емес» деп жауап берді. Оның айтуынша, Францияға күні бойы ақыл үйретіп, дауласып жүретін кәсіби саясаткер емес, сау ақыл, мейірім және іс тындыратын мемлекет керек. Саяси тәжірибесі мен байланыстары болмағандықтан, оны «есі ауысқан» деп атайтынын Ринер мойындады және бұған дайын екенін айтты. «Тағдырға мойынсұну – жол емес», – деп жазды ол бейнежазбаның астына.

Ринердің алғашқы ұсыныстары – мемлекеттік қарызды азайту, әлеуметтік аударымдарды төмендету арқылы қолға тиетін жалақыны көбейту және көбірек жұмыс істегісі келетіндерге мүмкіндік беру, бұл ретте 35 сағаттық жұмыс аптасын негіз ретінде сақтау. Ол сондай-ақ нәсілшілдік пен кемсітушілікке қарсы күресуге уәде береді. Сайлауалды науқанын ол «Біз қалайтын Франция» сайты арқылы жүргізіп отыр.

Ринер спорттан кетпек емес: сайлауда жеңсе де, міндеттері мүмкіндік берсе, 2028 жылғы Лос-Анджелес олимпиадасына қатысқысы келеді. Бес олимпиадалық алтынының үшеуін ол жеке жарыста, екеуін командалық жарыста жеңіп алған. Париж олимпиадасы алдында Ринер Қазақстанға екі рет келіп, Алматыдағы дзюдо академиясында Қазақстан құрамасымен бірге жаттыққан.

Францияда президент сайлауының бірінші туры 2027 жылғы 18 сәуірде, екінші туры 2 мамырда өтеді. Бюллетеньге енуі үшін Ринерге кемінде 500 сайланбалы лауазымды тұлғаның қолын жинау керек, ал әзірге ондай қолдау жоқ. IFOP компаниясының LCI телеарнасына жасаған сауалнамасында «Ұлттық бірлестік» партиясынан Марин Ле Пен 36%-бен, «Бағынбайтын Франция» партиясынан Жан-Люк Меланшон 17,6%-бен алда келеді, ал центрист Эдуар Филипптің көрсеткіші 12%-ға дейін төмендеген. Қыркүйекте Ринердің алғашқы саяси мәлімдемелерінен кейін әлеуметтік желілерде оған нәсілшілдік сипаттағы қорлау толқыны басталып, Париж прокуратурасы тергеу бастады.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз