Қазгидромет сейсенбіге, 10 қарашаға, Қазақстанның барлық 17 облысында дауылды ескерту жариялады. Синоптиктер қатты жауын-шашын, көктайғақ, тұман, найзағай мен шаңды дауыл болжап отыр, кей жерлерде жел екпіні секундына 28 метрге жетеді.
Жел әсіресе елдің шығысы мен оңтүстігінде күшейеді:
- ШҚО — солтүстігінде, оңтүстігі мен орталығында екпіні 23–28 м/с, Өскеменде күндіз 15–18 м/с;
- Абай облысы — солтүстігінде, оңтүстік-батысы мен орталығында 23–28 м/с;
- Жамбыл облысы — оңтүстік-батысында, солтүстік-шығысы мен тауларда 23–28 м/с, Таразда 25 м/с-қа дейін;
- Түркістан облысы — тауларда күндіз 23–28 м/с;
- Алматы облысы — солтүстігінде, оңтүстігі мен тауларда 18–23 м/с, Қонаевта күндіз шаңды дауыл тұрады;
- Қарағанды облысы — шығысы мен оңтүстігінде 23 м/с-қа дейін.
Оңтүстікте нөсер жауып, найзағай ойнайды. Түркістан облысының солтүстігінде, таулы және тау бөктеріндегі аудандарда қатты жаңбыр күтіледі, оңтүстігінде найзағай болады. Жамбыл облысының солтүстігі мен оңтүстігінде және тауларда қатты жаңбыр жауады, Таразда күндіз найзағай ойнайды. Алматы облысының батысы мен оңтүстігінде күндіз қатты жаңбыр жауып, шаңды дауыл тұрады, тауларда жаңбыр аралас қар жауады.
Елдің орталығында, солтүстігі мен шығысында жаңбырға қар араласады, ал жолдарда көктайғақ пен тұман болады. Абай облысында, ШҚО мен Ұлытау облысында күндіз қатты жаңбыр мен қар күтіледі. Көктайғақ Павлодар облысының оңтүстігі мен шығысында, Ақмола облысы мен Көкшетауда, СҚО-ның солтүстігі мен шығысында, Ақтөбе облысының оңтүстігінде болжанып отыр, Маңғыстау облысында да болуы мүмкін. Түнде және таңертең Қарағандыны, Павлодарды, Қостанайды, Петропавл мен Оралды тұман басады.
Құрғақ аудандарда өрт қаупі сақталып отыр: Қызылорда облысында, Ақтөбе облысының оңтүстігінде және Жетісу облысының шығысында өрт қаупі төтенше, Алматыда, Таразда және Талдықорғанда жоғары.
Алматыда сейсенбі күні күндіз әлі жылы, +18…+20 градус болады, бірақ түстен кейін жаңбыр жауып, тұман түседі, оңтүстік-батыс желдің екпіні 18 м/с-қа жетеді. Шымкентте түнде және таңертең кей жерлерде қатты жаңбыр жауып, тұман болады, жел екпіні 15–20 м/с, ауа температурасы +12…+14 градус шамасында. Астана дауылды ескерту тізімінде жоқ, алайда елордада да тұман мен көктайғақ күтіледі, ауа температурасы нөл шамасында болады.
Сәрсенбіде, 11 қарашада, оңтүстікке де суық келеді. Қазгидромет болжамы бойынша, Алматыда жаңбыр аралас қар жауады, кей жерлерде қатты болады, жел солтүстік-шығысқа бұрылып, екпіні 15–20 м/с-қа жетеді, ал ауа температурасы +5…+7 градусқа дейін төмендейді.
Дүйсенбіде де дауылды ескерту елдің барлық дерлік өңірінде, соның ішінде Астанада, Алматы мен Шымкентте күшінде болды. Демалыс күндері ауа райының бұзылуына байланысты Ақмола және Павлодар облыстарындағы тасжолдарда жазғы шинамен жүруге тыйым салынды.



